М.Әуезовтің мерейтойы Нидерландта атап өтілді

Голланд жерінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аталып өтті.

Айтулы датаға орай Нидерландтың Лейден қаласында ғылыми конференция ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар жазушының қазақ әдебиетіндегі ролі мен оның шығармашылық мұрасын талқылады.  

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» еңбегінде Нидерландтағы Лейден қаласы туралы айтылады. Қазақ және голланд әдебиеттанушыларының дәл осы шаһарда бас қосуы да сондықтан. Ұлы жазушының шығармашылығын зерттеушілер алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Нидерландтағы елшісі Асқар Жұмағалиев кездесуде осылай деді. Драматургтың немересі Зифа-Алуа Мұратқызының айтуынша,  кезінде Абай британ жазушысы Генри Райдер Хаггардтың «Лейден сұлуы: ландтар туралы повесть» атты романын оқып, кейін осы шығарма бүкіл қазақ даласына таралды. Бұл оқиға роман-эпопеяда да баяндалады.                                  

Зифа-Алуа Әуезова, филология ғылымдарының кандидаты, Мұхтар Әуезовтің немересі:

- Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" туындысы – тек Абайдың өмірбаяны туралы ғана емес, көшпелі қазақ өмірінің энциклопедиясы. Ол белгілі бір құжатқа негізделмеген көркем әдебиет шығармасы. Онда әр түрлі мінез бен болмыстағы кейіпкерлер, олардың тағдыры суреттелген.

Санкт-Петербург пен Ташкентте білім алған Мұхтар Әуезов әрдайым ғылымға құштар болды. Ол Батыс мәдениетін ұлы Абай шығармашылығы арқылы таныды. Ал өз романы арқылы бүкіл әлемге қазақ халқының ғасырлар тоғысындағы өмірін көрсетті. 

Диар Қонаев, Мұхтар Әуезов атындағы музей-үйінің директоры:

- Әуезовтің шығармалары - тілі шұрайлы, баяндалуы көркем мол мұра. Ол өз жазбаларын қағазға бетіне түсіру арқылы тіліміздің байлығын көрсете алды. Әуезовтың басқа әдебиетшілермен әсіресе, бауырлас түркі халықтарымен байланысы өте тығыз болды. Оның ықпалын көптеген жазушы мойындады. Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатов, Мустай Карим бұл туралы талай мәрте айтты.

Жазушының еңбектерін оқыған сайын оның шығармашылығының жаңа қырлары ашылады. Уақыт өтсе де оның стилі әлі күнге дейін қазақ әдибиетінде ерекше орынға ие, дейді ғалымдар. Бір айта кетерлігі, Мұхтар Әуезов қалдырған мол мұра халық әдебиетінің жауһарларымен астасып жатыр.  

Айсұлу Қасымбек, "Айтыс" мектебінің жетекшісі:

- Әрине Мұхтар Ауезов сөз өнерінің шебері, сыншысы, шебер, соны зерттеп, зерделеген зергері - сондай ерекше дарынның иесі. Соңдықтан де сөз өнерінің ең биікшіні, шешен өнерінің ең биікшіні болып табылатын айтысты, осы айтыс тақырыбын қозғайық деп бізге ұсыңыз жасауы үлкен дүние болды. «Сол себептен айтыс - ұлттық код» деп алып отырмын бағдарлама тақырыбын.                                    

Асқар Жұмағалиев, ҚР Нидерландтағы Елшісі:

- Ол де өте маңызды, өйткені өздеріңізге белгілі, осындай белгілі азаматтар, белгілі тұлғалар осындай конференциялар өте керек. Неге десеңіз, жастарға осындай адамдар туралы мұраны сақтау үшін. 

Елшінің айтуынша, Мұхтар Әуезовтің туған күнінде осындай ғылыми конференция ұйымдастыру енді дәстүрге айналады. Голланд жерінде мұндай шара бұдан былай жыл сайын ұйымдастырылмақ.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов