«Астана Опера» труппасы Кремльде өнер көрсетті

«Астана Опера» балет труппасы Ресейде Кремль сарайының сахнасында «Бақшасарай бұрқағы» балетін ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гастрольдік бағдарлама үшін дәл осы спектакльдің таңдалуы тегін емес. 2022 жылы музыка әлемі көрнекті хореограф Ростислав Захаровтың туғанына 115 жыл толуын атап өтуде. Оның «Бақшасарай бұрқағы» – драмалық балеттің үздік нұсқаларының бірі. Оған Пушкиннің осы аттас поэмасы әдеби негіз болған. Жалпы биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы. Ал «Астана Операның» Кремль сарайы сахнасындағы гастролі екі елдің көп жылдар бойы табысты дамып келе жатқан қарым-қатынасының жалғасы іспетті.

Гүлмай Хамеденова, көрермен:

– Қазақ елінің, қазақ жерінің әртістерінің осындай сахнада, Кремльдің сарайында көріне білуі ерекше мереке деп есептеймін. Қойылымдары да ерекше. Осы деңгейдегі басқа да әртістерді көріп жүрміз. Бұлар мысалы, өте жеңіл сахнада өздерін еркін сезінетін, жоғары білімді маман ретінде өздерін көрсете алды.