Көне түркі тарихы әлі де зерттелуі қажет – ғалымдар

Жаһандану дәуірінде түркі өркениетінің мән-мағынасы терең ашылатын болады. Себебі көне түркілердің тарихы әлі зерттеліп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық және шетелдік түрколог әрі тарихшы ғалымдар шығыс өркениетін зерттеудің жаңа пара-дигмаларын талқылады. Түр-кологтардың айтуынша, көне түркі тарихының көптеген нұсқасы Қытай тілінде жазылған. Сондықтан Қытайда зерттелмей жатқан төл тарихымыз өте көп. «Ол үшін қытай тілі мен, ілімін зерттейтін синолог ғалымдар бас қосуы қажет», – дейді. Сонымен қатар шара барысында белгілі тарихшы Тұрсын-хан Қайыркеннің 3 жаңа ғылыми еңбегі таныстырылды. Онда Қытай тарихнамасындағы қазақ тарихы, Күлтегін ескерткіші тарихи деректану зерттеулері жарық көрген.

Қаржаубай Сартқожа, түрколог ғалым:

Біздің тарихымыздың түпнұсқалары Қытай тілінде жатыр. Ғұндар туралы көп жылдар еңбектенген жұмыстарымыз бар. Соны жалғастыруымыз қажет. Әсіресе мынау Шыңғысханға дейінгі дәуір қопарылмай жатыр.

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы /Түркия/:

– Түркия ғалымдарының айтуынша, көне түркілердің өркениеті сол кездегі дүние жүзі өркениетіне көп ықпал жасаған. Атап айтқанда, Рим империясына, одан бұрын Италияда етрустер болған. Сол заманда Египет, көне Мысырдағы перғауындар мемлекетіне сол кезде біздің аталарымыздың, прототүрктердің тілі, өркениеті қатты әсер еткен. Енді осы деректерді нақты ашып, бүкіл дүние жүзіне мойындатуымыз керек.