Ұлттық ұлан жауынгерлері туралы «Бүркіт» көркем фильмі түсіріліп жатыр

Алматы облысында Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелері туралы «Бүркіт» атты толықметражды көркем фильм түсіріліп жатыр. Экшн жанрындағы туындыға жауынгерлердің өмірінен алынған шынайы оқиғалар арқау болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фильмде сарбаздардың ерлігі, достық, махаббат пен отбасы қиындықтары көрсетіледі. Бұл Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің Жауынгерлік және әдістемелік орталығы. Фильмнің кейбір эпизодтары осы жерде түсіріліп жатыр. Сценарий арнайы жасақ құрамындағы Айбын, Қайсар және Руслан есімді үш сарбаздың бастан кешкен оқиғалары арқылы өрбиді.

Дәурен Серғазин, актёр:

Жиырма күн бұрын естіп, сценариймен танысып, қандай қиындық болады, қандай жаттығулар болды, іштей дайындалып жүрдік өзіміз. Одан кейін бір-екі апта қалғанда осы арнайы жасақтармен біраз жаттығулар істедік. Бізге өзінің жұмысын көрсетті, жүрісті көрсетті.

Дәурен Серғазиннен бөлек, басты рөлдерде Санжар Мәди мен Асылхан Төлепов те ойнайды. Кейіпкерлердің мінезін ашып, образға бейімделу үшін әскердегі тәртіпті үйреніп жатқандарын айтты.

Асылхан Төлепов, актёр:

Мен үшін үлкен тәжірибе, үлкен мектеп болып жатыр. Керемет дайындық болып жатыр біз үшін. Келесіде әскери тақырыпта фильм болатын болса, бұдан жеңілірек болады деп ойлаймын. Өйткені біз мына жақтағы әскери қызметте жүрген адамдардың кәдімгідей күнделікті тәртібі бойынша өмір сүріп, сол бойынша қызмет етіп, түсіп жатырмыз киноға.

 «Бүркіт» фильміндегі негізгі тақырыптардың бірі – арнайы күштердің символына айналған «күрең берет». «Күрең берет» бас киіміне ие болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл сынаққа мен деген жауынгердің өзі ойланып барады. Мемлекет қауіпсіздігі мен бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін қылмыскерлерге тойтарыс беру осы арнайы мақсаттағы бөлімше сарбаздарына жүктелеген.

Қуаныш Қожахметов, әскери кеңесші:

– Ұлттық ұланның жауынгерлері, арнайы жасақтардың жауынгерлері, арнайы күштердің жауынгерлері соның ішінде көрсеткен ерлігі, қажырлығы, табандылығы мен батырлығы осы киноның желісіне келтірілген.

Фильмнің бас продюсері әрі қоюшы режиссері – «Алтыншы бекет» және «Қазбат» әскери картиналарымен көрерменге танылған Данияр Ибрагимов. Жобаның басты мақсаты – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Бір жарым ай бұрын басталған түсірілім жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспар бойынша картина алдағы жылы көрерменге жол тартады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев