A’STUDIO тобы әндерінің желісімен «Солдат любви» киномюзиклі түсіріледі

Алматыда әйгілі A’STUDIO тобының әндерінің желісімен «Солдат любви» киномюзиклі түсіріледі.

Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Туындыны белгілі режиссер әрі продюсер Фархат Шәріпов қолға алып отыр. Фильмде музыка, хореографиямен, актерлік шеберлік әдемі үйлесім табады,-дейді шығармашылық топ өкілдері. Картинаға түскісі келетін бір өнерпаздың бойында осындай үш қасиет болуы тиіс. Оның үстіне бір эпизодта ойнаған адам екінші көрініске жіберілмейді. Бұл мюзикльдің кәдімгі көркем фильмдерден ерекшелігі де сонда. Осыған байланысты кастинг әдеттегіден ұзағырақ өтеді.

Бұл Лондоннан келген танымал хореограф Сапл Нам жүргізген репитиция. Ол 10 күннің ішінде екі би әзірледі. Біздің бишілердің техникасын, шеберлігін, жалпы мүмкіндігін саралады. Әрі қарай бұл би қойылымына қатысты жұмысты Арсен Именов атқарады.   

Арсен Именов, хореограф:

- Бұл жобаны ерекше деп атар едім. Картина тек қана мюзикльдан ғана тұрмайды. Мұнда толыққанды фильмдегі сияқты оқиға сюжет желісімен өрбиді. Қазір бас кейіпкерді іздестіріп жатырмыз. Оның әнші, биші, актер болғанын қалаймыз. 

Ия, сондай сегіз қырлы, бір сырлы алматылық жас жігіт өнер биігін бағындырғысы келеді. Сөйтіп музыкалық топ құрады. Оның айналасындағы оқиғаның бәрі  бүгінгі Алматыда болады. Еске сала кетейік, бұл Батырхан Шүкенов туралы автобиографиялық картина емес. Дегенмен, фильмге аты аңызға айналған   A’STUDIO тобының 20-ға жуық хит әні алынған. Оның тең жартысына би қойылымы сахналанады. 

Фархат Шәріпов, продюсер:

- Кастинг жалғасып жатыр. Бишілерді таңдау оңай шаруа емес. Мәселен әуежайда түсірілетін бір көріністің өзіне 250 адам қатысады. Мұндай эпизод бірнешеу. Осыған қарап, картинаның ауқымын бағамдай беріңіз. Әр сюжет әрбір әнмен сәйкес келіп жатады. Мұнда махаббат, өнер, басқа да оқиғалар  әдемі көрініс табады.

«Солдат любви» мюзикліне A’STUDIO тобының жетекшісі, музыкант Байғали Серкебаевтың өзі де проюсерлік етеді. Ұлыбританиялық Сапл Нам түсірілім басталғанда тағы көмекке келмек. Картина келесі жылдың сәуір айында түсіріле бастайды. Ал сценарий авторлары фильмнің немен аяқталатынын құпия ұстап отыр. Әзірге бас кейіпкер музыкант жігіттің шетелден түскен ұсынысқа келіскені немесе келіспегені белгісіз.    

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов

Сондай-ақ...