Түркияда Қорқыт Ата кинофестивалі өтіп жатыр

Халықаралық шараға еліміздің белгілі кино майталмандары да барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фестиваль аясында қазақтың «Дос-Мұқасан», «Ұлы дала таңы», «Мұқағали» және «Мұзбалақ» сынды көркем және анимациялық фильмдері көрсетіледі. Қатысушылар үш бағытта сынға түседі. Олар өз арасында үздік көркем фильм, деректі фильм, режиссерлық жұмысты анықтайды. Фестивальдің мақсаты – ортақ құндылықтарды насихаттау және тамырлас халықтар арасында киноиндустрия ынтымақтастығын арттыру.

Ихсан Кабил, «Қорқыт ата» кинофестивалінің бас режиссері:

- Биылғы байқаудың бағдарламасына 52 фильм енген. Түбі бір халықтарымыздың өнімдерін біріктіріп, қуатты платформаға айналдыруды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы түркі дүниесінің мәдени астанасы Шушада бас қосамыз, арғы жылы атажұртта Қазақстанда кездесеміз.

Қанат Төребай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, продюсер:

- Былтыр ғана құрылған фестиваль болса да бірақ ұйымдастыру ұжымы үлкен жауапкершілікпен өткізіп жатыр. Осындай шараның өтіп жатқанына қуаныштымын. Бауырлас халық қой пейілдері қазаққа сай.