Түркиядағы «Қорқыт Ата» кинофестивалінде қазақстандықтар үш жүлде алды

“Қорқыт Ата” кинофестивалі өз мәресіне жетті.

Түркияның Бурса қаласында өткен бұл додада қазақстандықтардың да асығы алшысынан түсіп, үш бірдей жүлдеге қол жеткізді. 

Түркі дүниесінің мәдени астанасында “Қорқыт Ата” сыйлығы табысталды. Осымен екінші мәрте өткен жиында түркі тілдес елдер арасында киноиндустрияның үздік актерлері марапатталып, туындылары бәйге алды.

Мехмет Нури Эрсой, Түркияның мәдениет және туризм министрі:

- Жаһандану- құндылықтардан ажырау емес, керісінше оны жандандыру. Әмбебаптылығымызбен құндымыз.  Басқаларға ұқсамай, оларға үлгі болу қажет. Ағаштың тамыры жерге неғұрлым тереңдеген сайын, оның таралар аумағы кеңейіп, биіктігі мен сырт пішіні ұлғайып, бұтақтарының көлеңкесі кеңейетінін ұмытпайық. Осы тұрғыдан, “Қорқыт Атаның” бізге мұра еткен құндылығының маңызы зор. 

Бес күн бойы көрермен жан-жақтан келген жауһар дүниелерді тамашалады. 17 елдің майталмандары арасынан отандық үш туындымыз жүлдеге ілікті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер Қанат Төребай Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін марапатталды.

Қанат Төребай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер:

- Құрметті бауырлар ассалаумағалейкум. Қорқыт Ата фильм фестивалі құтты болсын. Түркі тілдес халықтардың басын қосып, рухын көтерген бұл фестиваль жалғаса берсін. Түркі дүниесі, түркі әлемі мәңгі болсын. Мықты болсын. Бірлігіміз ешқашан жойылмасын. Қазақ киносы мықты болсын.

Қатысушылар үш бағытта сынға түсті.  Деректі фильм жанрында отандасымыз Айгүл Черендинова “Еуразия билеушілері” туындысымен екінші орынды иемденсе, Қайрат Кемалов “Ақ боз үй” фильміндегі "Үздік ер адам бейнесі үшін" жүлдегер атанды.

Айгүл Черендинова,  "Еуразия билеушілері" фильмінің режиссері:

- Бірнеше күн Бурса қаласы Түрік елі бізді сондай жылулықпен қарсы алды. Көп рақмет. Осындайда, соншама түркі тілдес елдер тарихы бір елдер басын қосқанда бірлікті ел бұзылмас деген мақал есіме келеді. Достығымыз нығая берсін. 

Бекарыс Елубай, "Ақ боз үй" тарихи таспалары режиссері:

- Мың жыл бұрын Сырдың бойынан Оғыз бауырларымыз көшті. Содан бері “Қорқыт Атаның” қобызы әлі жылайды. Міне бүгін Түркия басымызды қосып отыр.

Көне Бурса шаһарының көрермендері қазақтың «Дос-Мұқасан» көркем фильмі, «Мұқағали» өмірбаяндық драмасы, «Ұлы Дала Таңы» және «Ақ боз үй» тарихи фильмі, «Еуразия билеушілері» деректі фильмі, «Мұзбалақ» анимациялық картинасы және Қазақстан мен Татарстан бірлесіп шығарған «Тарлан» картинасын түрік тілінде тамашалады. Халықаралық іс-шара, келесі жылы Әзірбайданның Шуша қаласында ұйымдастырылады.

Меруерт Қанағат