loader


«Дубай, шіркін арман-ай» романтикалық фильмі түсіріліп жатыр

Tiger Films  компаниясы Алматыда тағы бір кинокомедияның түсірілімін бастады.

«Дубай шіркін арман-ай» деп аталатын романтикалық фильм келесі жылы жарыққа шығады. Кинотеатрлар желісінің иесі Алмаз Малдыбаевтың идеясынан туған фильмге тек қана отандық емес шетелдік актерларда шақыртылған. Туынды авторлары бұл картинаның көпшілік көңілінен шығарына сенімді.

Осы күндері Дубайға барып демалып қайту сәнге айналды. Бірақ бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін шаруа. Tiger Films  түсіріп жатқан  комедияның да негізгі идеясы осы. Туристік компанияның директоры лауазымына дейін өскен Анельдің бар арманы Дубайда қызмет істеу болады.  Бірақ шарт бойынша тұрмыста болуы тиіс. Анельге аз ғана уақыттың ішінде күйеу табу керек. Оның образын ашу Әсел Сәдуақасоваға бұйырыпты.  

Әсел Сәдуақасова, актриса:

- Мен өзі киноға  түспегелі біраз уақыт болыпты. Дәлірек айтсам үш жарым жылдай. Сондықтан түсірілім алаңына қайтып оралғаныма қатты қуанып тұрмын. Маған мүмкіндік берген Kinopark-Kinoplexx пен Tiger Films  компанияларына айтар алғысым шексіз.  Бұл киноның қызықты боларына менің сенімім мол. Сондықтан күтіңіздер.

Өткен жылы ғана Kinopark-Kinoplexx Theatres-тың жанынан құрылған Tiger Films  продюсерлік компаниясы аз уақытта бірнеше киноны жарыққа шығарып үлгерді. Олардың басым көпшілігі комедия жанрында болатын. Қазір комедияға сұраныс жоғары,-дейді фильм режиссері Дархан Саркенов. 

Дархан Саркенов, режиссер:

- Комедияны көбірек көреді халық. Сондықтан осындай кинокомпаниялар өздері бір қалыпта қалу үшін, ақша табу үшін комедия түсіреді. Әйтпесе жалпы Қазақфильм түсіріп жатыр. Кинофонд түсіріп жатыр нешетүрлі фильмдер. Драмасы бар, ішінде военный фильмі бар. Оларға сұраныс аз өкінішке орай. 

«Дубай шіркін арман-ай»  комедиясына  Әсел Сәдуақасовамен бірге Дастен Шакиров және Рамазан Амантай мен Қуандық Шәкіржанов секілді актерлар түсіп жатыр. Алматыда басталған түсірілім жұмыстары Дубай қаласында жалғасады. Фильм келер жылдың мамыр айында жарыққа шығады.

Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...