Қазақстандық «Serpin» ансамблі Австрияда өнер көрсетті

Австрияның астанасында Алаш өнерінің абыройы асқақтады.

Әлемдегі классикалық музыканың ең танымал алаңдарының бірі - "Концертхауста" қазақтың әні әуелеп, күйі күмбірледі. Қазақстанның Австриядағы елшілігінің және еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен керемет кеш.

"Serpin" ансамблі еуропалықтарды осылай бір серпілтті. Бұл концерт тарихи оқиға - Қазақстан мен Австрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтойына арналған. Игілікті іс-шараға Қазақстанның Австриядағы елшілігі ұйытқы болған. Талғамы биік көрерменнің алдында Қазақстанның Еңбек ері, Халық артисі, ЮНЕСКО-ның "Бейбітшілікті жақтайтын артист" атағының иегері Айман Мұсахаджаева өнер көрсетті. Атақты скрипкашыны Айдар Торыбаев жетекшілік еткен Еуразиялық симфониялық оркестр сүйемелдеді.  

Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның халық әртісі: 

- Біз енді келесі жылы өтетін концертке дайындықты бастап кеттік. Ол Қазақ Ұлттық өнер университетінің  25 жылдық мерейтойына арналмақ. Осындай өте көркем және акустикасы мықты залды көру біздің студенттерді қатты шабыттандырды. Жас таланттарымыз үшін осындай ғажайып орынды өнер көрсету - үлкен бақыт. 

Өнерсүйер қауым белгілі опера солистері Талғат Мұсабаев пен Бибігүл Жанұзақтың орындауындағы "Абай" және "Еңлік-Кебек" арияларын тамсана тыңдады. Сондай-ақ әншілер Манарбек Ержанов, Ахмет Жұбанов, Тлес Қажығалиев пен Ғазиза Жұбанованың да шығармаларын шебер орындап, шетелдіктердің құлақ құрышын қандырды. Тіпті Австрияның Қазақстандағы елшілік қызметінде болған Герхард Сайллер қазақша көсілді.   

Герхард Сайллер, Австрия сыртқы істер министрлігі департаментінің директоры:

- Қайырлы кеш! Менің атым - Герхарл Сайллер. Қуаныштымын. Жақсы концерт. Көп рақмет. Келесі рет кездескенше! 

Концерт Клагенфурт қаласында да жалғасты. Табысты өнер кеші Альпі республикасының тұрғындары мен қонақтарының шынайы ықыласына ие болды.

Ернат Қашқынов

Сондай-ақ...