Астанада әскери-патриоттық әндер фестивалі өтті

Астанада республикалық әскери-патриоттық әндер фестивалі өтті.

Оған еліміздің барлық өңірінен 150-ден астам жасөспірім қатысты. Олар вокал, фольклор және вокалдық-аспаптық ансамбль аталымдары бойынша бақ сынады. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін байқау барысында 50-ден астам өнер көрсетілді. Қазылар алқасы қатысушылардың ән айту шеберлігі мен сахнада өзін ұстау мәнеріне қарап баға берді. Вокал аталымы бойынша Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Темірлан Батырбек бірінші орынды иеленді.

Қалипа Боқанова, қазылар алқасының мүшесі:

- Небір талантты. Республикамыздың түпкір-түпкірінен келген балаларды жарыққа алып шықтық. Бағалау өте қиынға соқты. Мықтыны таңдайтын кезде көптеген қиындықтар болды. Әрине фестивальдің мақсаты 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің патриоттық сезімін оятып, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру болып саналады.