Шымкентте салт-дәстүрді ұлықтайтын этнофестиваль ұйымдастырылды

Шымкентте қазақ халқының салт-дәртүрі мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын этнофестиваль ұйымдастырылды.

Шараға жиналғандар «Ұлы Жібек жолы» керуенін тамашалап, этнофольклорлық ансамбльдің дәстүрлі әндерін тыңдады.

Сондай-ақ шара аясында жергілікті дизайнерлердің дефиле шоуы мен, ұлттық қолөнер бұйымдарының шеберлік саБақтары өткізілді. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан да туризмді дамытуға арналған шараны тамашалап қайтты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Шымкент тұрғындары мен шаһар туристері үшін этнофестивальде қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізілді. Құрақ көрпе, ағаш бұйымдары мен ұлттық нақышта тігілген заманауи киімдерді де осы жерден көруге болады. Тіпті сала мамандары оның дайындалу жолын көрсетіп, жасалу технологиясымен де бөлісті.

Зейнеткерлік демалысқа шыққан Дина Әлжанова бос отырмай ісмерлікпен айналысады. Құрақ көрпенің нақышын бұзбай тігуді мүмкіндігі шектеулі жандарға да үйретіп, тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Қазір оюмен өрнектелген ұлттық киімдерді де тігеді. Шара аясында келушілерге дайын өнімді дәріптеуге мүмкіндік алды.  

Дина Әлжанова, қолөнер шебері:

- Тек құрақ көрпеге отырғызып қоюға болмайды. Себебі бұлар шаршайды. Көзі шаршайды, миы шаршайды. Сондықтан да мынандай қазақша көйлектерді де тігеміз. Өзім үйретемін. Мастеріміз де бар. Сол көрсетеді. Бір-бірімізге көмек береміз. Сол қолөнерді бүгін шығардық.

Ал Рензэ Костер бүгінгі фестивальге отбасымен бірге келді. Нидерландтық азамат төрт жылдан бері Шымкент қаласында тұрады. Қазақтың салт-дәстүрі мен өнерін, бай мәдениетін танып, білуге құмар. Бүгінгі фестивальде қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен ұлттық нақыштағы киімдер қатты қызықтырғанын айтады. 

Рензэ Костер, турист /Нидерланд/:

- Қазақстанның мәдени қарқыны өте басқа. Этнофестиваль жақсы, ұнады маған. Әртүрлі нәрсе бар, соны көрсетіп жатыр. Үлкен адамдардың киімдері өте қызық. Атмосфера өте ұнап жатыр.

Фестиваль аясында баланы бесікке салу рәсімі мен тұсаукесер тойы, қыз ұзату сынды ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталды. Шымкент жайлы фото және кітап көрмесі өтті. Құрт, қымыз және көже секілді ұлттық тағамдарды әзірлеу технологиясы таныстырылып, этнодизайнерлердің дефиле шоуы көрсетілді.

Шымкенттің туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Былтыр ішкі туризм бойынша Шымкентті тамашалауға 215 мың адам келген болса, биылғы жылдың 9 айында олардың саны 350 мыңға жетті. Сондай-ақ шетелдік қонақтардың да қатары көбейді. Ұйымдастырушылар өзіңді өзгелерге таныстыру арқылы туризмді дамытуға болады, - дейді. 

Ерлан Қыдыров, қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Тоғыз айлық көрсеткіш бойынша бізге 21 мың шетелдік турист келді. Біздің басты мақсатымыз оңтүстік өңір мен Шымкент қаласында қандай қолөнер шеберлері бар!? Олардың қолынан не келетінін көрсету мақсатында осы іс шараны ұйымдастырып жатырмыз.

Ұйымдастырушылар ауқымды шараны өткізу арқылы этнотуризм түсінігін қалыптастырғылары келеді. Осылайша қазақтың тұрмыс-салт тіршілігін қала қонақтарына көрсетіп, дәстүрлі қолөнерді дәріптеуге жол ашпақ. Фестиваль соңында үздік шеберлер марапатталып, концерттік бағдарламамен жалғасты. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов