Қызылордада әнші Қ.Ақдәулетованың құрметіне байқау өткізілді

Сыр өңірінің әнсүйер қауымы тума таланттарын әрқашан құрмет тұтады.

Жыр елі жұрты саналы ғұмырын өнерге арнап, қазақ мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан Қаракөз Ақжігітқызын ұлықтап жатыр.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың құрметіне орай аймақта алғаш рет «Сыр бұлбұлдары» әншілер байқауы ұйымдастырылды.

Қаракөз Ақдәулетова Кеңес Одағының халық әртісі Бибігүл Төлегенованың ең алғашқы шәкірті болу бақыты бұйырған жан. Қазақ және шетел композиторларының әндері мен романстарын ерекше мәнермен орындап, тыңдарманның жүрек қылын шерте білген қызылордалық әнші көзі тірісінде «Шапағат» медалі мен «Құрмет» орденімен марапатталды. Айрықша дарын иесінің сабағын алған сырбойылық өрендер қазір әлемдік байқауларда топ жарып жүр. 

Арина Цой, Қ.Ақдәулетованың әріптесі:

- Ол қазақ өнерін, әнін шексіз сүйді. Сондықтан саналы ғұмырын кәсіби маман даярлауға жұмсады. Қаракөзбен бірге 20 жыл бірге қызмет еткен кезеңде оның еңбек пен дарынды ұштастыра білетін қасиетін жоғары бағаладым. Қаракөз қазір де сахнада секілді. Оның шығармашылығы мәңгі жасай бермек. 

Эстрада және классикалық туындылар шырқалған қоскезеңдік байқауда ауыл-аймақтан келген 34 өнерпаз бақ сынады. Продюсер, сазгер және кәсіби музыканттардан құралған қазылар алқасы жүзден жүйрікті таңдап, оларға арнайы білім алуға жолдама береді.       

Индира Ақжігітова, Қ.Ақдәулетованың туысы:

- Дарынның аты қалмаса да хаты қалады деген сияқты қазіргі таңда балалар шығармашылығы байқауында ізін көрсетуде. Сондықтан ұйымдастырушыларға үлкен рақмет. Елге еңбегі сіңген Қаракөз Ақжігітқызының құрметіне арналған байқау өз жалғасын табады деп үміттенеміз.  

Шараны ұйымдастырушы облыстық мәдениет басқармасы алдағы жылдары жаңа таланттарды тануға мүмкіндік беретін байқауды республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев