Ұлттық музейде «Берел» ғылыми-зерттеу қоры ашылды

Астанадағы Ұлттық музейде «Берел» ғылыми-зерттеу қоры ашылды.

Онда белгілі «Берел» сақ қорғандарынан табылған бірегей артефактілер жинақталған. Құнды жәдігерлерді іздестіру экспедициясына белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен. Қорда зерттеуден өтіп, қалпына келтірілген 2 мыңнан астам жәдігер сақталды. Олардың ішінде алтын бұйымдар мен әшекейлер, ат әбзелдері мен қару-жарақ түрлері, ағаш бөлшектері бар. Шара ғалым Зейнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Белгілі археолог- Берел қорымы, Аралтөбе, Сарайшық ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізген. Соңғы жылдары Шығыс өңірінде ғалым жетекшілік еткен археологиялық қазба жұмыстары оң нәтиже көрсетті. Елеке сазы, патшалар жазығындағы «Алтын адам» Түркі дәуіріне тән қаған кешені, Ақбауыр сақ заманының қоныстары Қазақстан археологиясына теңдессіз жаңалық әкелді. 

Зейнолла Самашев, археолог ғалым:

- Шығыс Қазақстан облысында археология саласында үлкен жаңалықтар ашылды. Соның бірі ерте сақтардың бірнеше қоныстары бір жерге орналасқан. Қаланың нышаны керемет дүние болды. Сонымен қатар Тарбағатайдағы Елеке сазында қағандық кешен зерттедік.  

Ахан Оңғарұлы, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры:

- Алғаш рет Берелдегі тоң басқан обаларды ашуы, соны 30-40 жыл бойы зерттеуі соның нәтижесінде бүгінгі күнге дейін әлі сол ақпараттарды алуы осы бір ғана Зайнолла Самашевтің мысалында археологияны көрсетуге болады. Ең алғаш Қазақ тарихында пәнаралық археология зертеуді алып келген ғалым. Екіншіден, Берелдегі обаларды зерттеген ғалым. Үшіншіден, 8 алтын адамның соның 3-еуін тапқан ғалым.