Дулат Исабеков 80 жасқа толды

«Адамға таңқалдыратын шығармадан гөрі ойландыратын шығарма керек. Мен барлық туындымда қолымнан келгенше солай жазып көрдім». Жазушы Дулат Исабеков осылай дейді.

Еске сала кетейік, биыл елімізде    Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы- драматург Дулат Исабековтің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып жатыр. Оның құрметіне арналған шараның бірі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтті. Кездесуге жиналған жастар жазушымен емен-жарқын әңгіме құрып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Оның туындыларында қазақ әйелдерінің образы кеңінен суреттеледі. Оған дәлел «Әпке» мен «Бөрте» туындысы. Жалпы Исабеков 28 пьесаның авторы. Ал «Гауһартас» пен «Дермене» туындылары бойынша көркем фильм түсірілді. Бірнеше шығармасы шет тілдеріне аударылды. Оның қатарында «Қарғын» романы мен  «Ержеткенше» повесі бар. 

Дулат Исабеков, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы:

- Әр шығарманың өмірге келуінің өзі бір тарих. Қалай қиналып жазасың. Өзіңе қоятын талап күшейген кезіңде әлемдік оқиға, әлемдік әдебиет, әлемдік әдеби процесс, әлемдік театр, әлемдік кино, әлемдік әдебиетті зерттеу осылардың бәрінен хабардар болып отырмаған жазушы шын жазушы болуы қиын.

Ләззәт Әділбекова, университет оқытушысы:

- Дулат ағамызға әлбетте қазақ руханиятының әлемге жеткізуші және мына отбасылық тазалық, бауырмалдық, қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған қоңыр бай түркі тілдерінің ішінде әлем мойындап отырған қазақ тілінің құнарлығын жеткізуде Дулат Исабеков ағамыздың еңбегі зор.