Иран-Ғайып 75 жасқа толды

Көрнекті ақынның «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты драмалық дастаны өңір жұртшылығына алғаш рет ұсынылып отыр.

Тарихи қойылымда ақ жаулықты ананың даналығы мен дегдарлығы жан-жақты көрініс тапқан. Әсерлі спектакльдан соң қаламына ғаламды сыйдырған дарын иесіне ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты мен облыстың «Құрмет грамотасы» табысталды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Сіз бір дәуір ақындарының ұстазына айналдыңыз. Сіздің қазақ өнері саналған дара олжаңызбен бірге ұлттық драматургияға қосқан үлесіңіз ерекше зор. Құрметті, Иранбек Әбітайұлы сізді адамзат ғұмырының 75-ші белесіне шыққан мерейлі мезетіңізбен және Сыр сахнасында «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты пьесаңыздың сәтті қойылымымен облыс жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз.

Иранбек Әбітайұлы әдебиет әлеміне өзінше өрнегімен келген қаламгер. Ол жаттанды, жатық ізбен жүрген жоқ. Мінезді ақын Мұқағали Мақатаевпен үзеңгілес болып, тіні үзілмес жырлар жазды. 53 пьесса, 600 беттен 14 томдық кітап шығарған Иран-Ғайып ұлт руханиятының өлгенін тірілтіп, өшкенін жандыртқан тұлға.

Бауыржан Жақып, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары:

- Тұрмағамбет, Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Құнанбай, Естай туралы қаншама шығармалар жазды. Осының барлығы тұтас бір алып қарағанда Иран-Ғайып әлемі деуге болады. 

Шығармашылық кеште Сыр өңірінен шыққан бүгінгі найзағай ақындардың көшін бастаған қабырғалы қаламгер Иран-Ғайыптың сиясы кеппеген жаңа жауһар жырлары көпшілікке таныстырылып, әндері шырқалды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов