Өскемендік суретші дертіне қарамастан сүйікті ісімен айналысып жүр

Жаныңа жақын іспен шұғылдануға ештеңе кедергі бола алмайды.

Бұған Өскемендегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 10 жылдай ем қабылдап жүрген Олег Некрасовтың тағылымы дәлел. Денсаулығындағы кінаратқа қарамастан отандасымыз бір қолымен-ақ әдемі туындыларды салып жүр.

Олег Некрасов осыдан 11 жыл бұрын кенеттен инсульт алған. 3 жылға жуық уақыт бойы сөйлей де алмапты. Қазір денесінің оң жақ бөлігі жұмыс істемейді. Бірақ бұған қарамастан сүйікті ісін жалғастырып, тапсырысқа түрлі портреттер салып жүр.

Олег Некрасов, әуесқой суретші:

- Мен пирографиямен айналысамын. Яғни суретті отпен күйдіріп салу. Кәсіби суретші емеспін. Өзім үйреніп алғанмын. Негізі оңқай болатынмын. Инсульт алғаннан кейін сол қолмен сурет салып үйренуге тура келді. Тапсырыстар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді.

Қазір Олег Некрасов Өскемендегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем қабылдауда. Осы жерде сүйікті ісімен күні-түні айналысамын – дейді, ол.

Олег Некрасов, әуесқой суретші:

- Екі қызым бар. Олар Теміртауда. Алыс болған соң маған келмейді. Немерелерім де бар. Алғаш рет оларды көру үшін өзім жалғыз Өскеменнен Астанаға ойланбастан жол тарттым. Кездескендердің барлығы көмектесіп, діттеген жеріме жеттім. Осы мекемеде де маған барлығы қолғабыс етіп жүр.

Осы күнге дейін 59 жастағы суретші 200-ден астам портрет салып үлгірген екен. Олег Некрасовтың жұмыстарының ішінде Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев сынды қазақтың ұлылары да бар.

Риат Шони, Марат Диханбаев