Ыстамбұлда ерекше ескерткіш бой көтерді

«Қазақ- түрік бауырластығы» деп аталатын бұл ескерткіш «Отандастар» қорының тапсырысымен әзірленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ыстамбұлдың Гүнешли шағын ауданында «қазақ- түрік бауырластығы» ескерткішінің бой көтеруі бекер емес. Себебі тап осы жерге 1952 жылы Алтайдан Анадолыға ауған қандастарымыздың бір бөлігі орналасып, «Қазақкент» атауын алған. Көшелерді бойлай жүрсеңіз, қазақтың кошқар мүйізімен безендірілген тұрғын үйлерді, өзіміздің ою-өрнек салынған мешіт пен қазақтарымызды жиі кездестіресіз. Тамырлас екі халыққа арналған мүсін тап осы Қазақкенттің орталық даңғылының бойына қойылған.

Тар жолда тайғақ кешіп, қаралы көште аман қалған 1852 қандасымыздың Түрік еліне табан тіреуінің 70 жылдығына орайластырылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қазақ диаспора өкілдерімен қоса жергілікті әкімшілік басшылары арнайы келді.

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» ҚЕАҚ президенті:

- Өткен жылы осы Ыстамбұл қаласында түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өткен болатын. Сол саммитте президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы тарих оқиғаны атап өткен болатын. Өзінің және қазақ халқының атыннан шынайы ризашылығын білдіріп, қазақ көшінде қайтыс болған ата- бабаларымызды еске алып, осы көшке мұрындық болған Аднан Мендереске алғысымды айтамын.

Абдуллах Өздемир, Бағжылар ауданының мэрі:

- Рухани байланысты бекемдеуге үнемі мән береміз. Сондықтан түрлі шараларды жиі ұйымдастырамыз. Мәселен бұған дейін көштің 65 жылдығын атап өттік. Бәрімізге ортақ тұлға Мұстафа Өзтүрік саябағын аштық. Енді міне жетпіс жылдыққа байланысты шараны қолға алдық.

Тамыры тереңге тартқан шынар бейнесіндегі ескерткіштің екі жағы Қазақстан мен Түркияның туларымен көмкерілген. Ортасына түрік жазуы жазылған. Ал жан- жағында Ұлы дала мен Анадолының нышандары тұр. Мүсіннің авторы, Қазақстанның Көркемсурет Академиясының мүшесі Жанұзақ Мүсәпір. Белгілі журналист һәм суретші, туындыны бір жылда жасап шығыпты.

Жанұзақ Мүсәпір, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Түрлі-түрлі ойларымыз болған. Қазір сіздің көріп тұрған дүние әрине басында Қазақстанның үлкен гранит тастарымызбен алып келіп қойғымыз келген. Ол астында жер шары, жер шарынан шығып тұрған тамыр үлкен байтерекке ұласады. Бәйтеректің өзі бірігіп, Қазақстанның туымен Түркияның туын біріктіріп, екеуі бір бәйтерек болып бірігіп, тамыры бір түркі халқы екенін көрсететін осындай идея болды.

Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін жұртшылық «Ұлы көш» атты арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. 

Юсуфхан Жаналтай, қандас:

- Көшке қатысты суреттерді тамашалап шықтық. Әсіресе түрік үкіметінің «Рұқсаты» тарихи құжат. Бір қарағанда бір жапырақ қағаз болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай жәдігерлер ата-әжелерімізден естіген ескі әңгімелерді еске түсіріп, ерекше әсерге бөлейді.

Ұлы көштің 70 жылдығына арналған шаралар легі мұнымен шектелмейді. Ыстамбұлда халықаралық конференция ұйымдастырылып, Аланияда  «Abai Uii» мәдени іскерлік үйі ашылады. 

Авторы: Меруерт Қанағат

Сондай-ақ...