Роза Бағланова атындағы халықаралық конкурс жеңімпаздары марапатталды

Елордада Халық Қаһарманы Роза Бағланова атындағы Халықаралық вокалдық конкурс жеңімпаздары марапатталды.

Гран-При болгариялық қатысушы Славея ИванОваға бұйырды. Ол елімізден ыстық ықылас пен 2 млн теңгені қанжығалап қайтты. Сондай-ақ 6 қатысушы үздік үш орынды теңдей бөлісті. Қалған өнерпаздарға Роза Бағланованың ұлы Тәжен Жатпаевтың арнайы сый-сияпаты табысталды. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған байқауға біздің әншілерден бөлек, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Польша, Беларусь және Болгария елдерінен 18 бен 35 жас аралығындағы 21 өнерпаз қатысты. Роза Бағланова атындағы бірінші халықаралық байқау әншінің 100 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Гульнара Тойгонбаева, әділ қазылар алқасының мүшесі /Қырғызстан/:

- Бұл шынымен биік деңгейдегі байқау болды. Қатысушылар ғана емес, әділ қазылар да түрлі елден келген. Бәріміз Роза Бағланованың әндерін өзге қырынан қайта таныдық. Ең бастысы, жан-жақтан келген өнерпаздар әйгілі әндерді қазақ тілінде орындады. Бұл тамаша бастама. Мен де "Іңкәрім-ай" әнін өз репертуарыма қоссам деймін.

Жеңіс Сейдоллаұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:

- Бүгінгі конкурс болашақта өзінің биігін алатынына мен сенемін. Өйткені қазір Қазақконцерт біздің мемлекеттік ұжым Р. Бағланова атында. Сондықтан жастардың барлығы келген кезде өзінің жауапкершілігін сезініп келуі керек. Қандай ұжымға келе жатыр, қандай өлеңдер айту керек? Барлығы отансүйгіштікпен айтылатын болса, біздің береке-бірлік әрқашан да көрініп тұратынына мен сенемін.