Алматыда Х «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі мәреге жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үздік фильмдер 18 аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында отандық жаңа туындылар да бар.
BASTAU DEBUTS бағдарламасы бойынша «Үздік фильм» бас жүлдесін Боливияның «Утама» фильмі еншіледі. Фестивальдің жаңа бағыты – азиялық фильмдерді қолдауға бағытталған NETPAK қазылар алқасы режиссер Өзбекстанның «Монтаж» фильмін үздік деп таныды. «Бастау» фестивалі президентінің арнайы жүлдесі қырғызстандық «Әңгімеші» фильміне бұйырды.
Сергей Азимов, жоба авторы:
- Фестивальдің кәсіптік деңгейі былтырғы фестивальдармен салыстырғанда өте жоғары. Сол себепті, фестиваль ең біріншіден көрермендердің көңілінен шыққан. Латын Америкадан, Африкадан, біраз деңгейі жоғары көркемдікті, кәсіптік деңгейі жоғары фильмдер жіберген.
«Үздік режиссер» жүлдесін «Плотина» фильмі үшін француз Али Черри иеленсе, актерлік шеберлік номинацияларын «Автобиография» фильмі үшін индонезиялық Арсвенди Бенинг Свара және «1976» картинасындағы чилилік Алин Куппенгайм жеңіп алды. Ал фестивальдің ең үздік қысқаметражды көркем фильмі жүлдесін қазақстандық режиссер Роман Черниковтың «Нина» фильмі жеңіп алды.
Мира Шапаева, «Нина» фильмінің продюсері:
- Фильмнің алғашқы жүлдесін өз отанымызда алғанымыз біз үшін үлкен мәртебе. Жаңа туындыны көрермен назарына ұсынуға мүмкіндік берген «Бастау» кинофестиваліне алғысымыз шексіз.
Биыл мерейтойлық фестивальде әлемнің 40-тан астам елінен 60-қа жуық фильм бақ сынады. Үздік картиналар 18 аталым бойынша марапатталды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов