Алматыда А. Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл алаш айбозының 150 жылдығы UNESCO көлемінде кеңінен аталып өтті. Сол мерейтой бүгінгі іс-шарамен түйінделіп отыр. 12 томдық жинақ ақынның бүгінде қолда бар туындыларының барлығын қамтыған. Сондай-ақ кейбір құнды қолжазбалары сол қалпында жинаққа енгізіліп отыр. Кітап 3 мың данамен шығып, республикалық деңгейдегі барлық кітапханаларға таратылды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл өнері үшін сіңірген еңбегі ерен. Ол қазақ тіл-білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салды, ұлттық жазудың реформаторы болды. Араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзді. Төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырып ұлттық журналистиканың негізін салды. Алайда ғалымның бұл еңбектері сол кездегі империалистік жүйеге ұнамады. Бірнеше рет тұтқындап қуғын мен түрменің азабын таттырған атышулы үштік ақыры оны ату жазасына кесті. Үкім 1937 жылы 8 желтоқсанда орындалып, Ахмет Байтұрсынұлы өлім құшты.

Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей үйінің директоры:

- Мәдениет тарихы деген кітабының болғандығы, сол кітап та цензурадан өтпеген деген әңгіме шығады. Шын мәнінде оның Оксфордта және Пекин кітапханаларының сирек қорында бар деген әңгіме бар. Енді бұны Алаш мұрасын насихаттау бағдарламасы аясында тауып үкімет деңгейінде шешіп осы кітаптардың басын жинақтап шығару біздің ғалымдардың еншсінінде қалған бір парыз.