Елордада «Жаңа белестегі жастар» дәстүрлі форумы өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада «Жаңа белестегі жастар» дәстүрлі форумы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мұрындық болған бастамаға жүздеген жас өрен жиналды. Шара барысында қатысушылар танымал тұлғалардың шеберлік дәрістерін тыңдады. 

Форумға жиналған 300-ден аса жас буын өкілінің әрқайсысының өз айтары бар, межелеген мақсаты айқын. «Жаңа белестегі жастар» елордада екі жылда 1 рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мақсат - жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру. Жаңа белестерге ұмтылуға ынталандыру.

Қайрат Қамбаров, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Осындай форумда жастар бірге бас қосып, тамыр басып, сағаттарын түзеп, әрі қарай қадам басу үшін. Мысалы айта кетер болсақ, біз Астана қаласының стратегиясын әзірлеу үстіндеміз 23-27 жылға дейін. Бүгінгі форумның алдымызда болатын көптеген конференциялардың қорытындылары бойынша, біз өзекті проекттарды алып, соған қосып, Астана қаласының жастар саясатының жаңа стратегиясын жасайтын боламыз.

Жастар форумына білікті спикерлер де арнайы шақырылған. Олар өз кезегінде дамудың жаңа дағдыларын игерудің жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, биылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды.

Фарух Машуров, «Дарын» сыйлығының лауреаты:

- Математика саласында атақты академик Асқар Жұмаділдаевтың оқушысы болып келеміз. Сол салада еңбек етіп осы 3 жылда 9 шақты жұмыс жасадық ғылым жағынан. қазіргі таңда өте көп гранттар бөлініп жатыр, ол гранттардың көбі  жастарға бөлініп жатыр. Ол дегеніңіз жастарға күш салудың, жастарға көмек берудің үлгісі.

Биыл «Дарын» жастар сыйлығы 8 номинация бойынша тапсырылды. Арнайы төсбелгіні қатарынан оза шапқан 14 жас ізденімпаз иеленді.