Қазақстан корейлері туралы кітап жарық көрді

Қазақстандық корейдің еңбегі жайлы кітап жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өмірін өнерге арнаған жандар. Жинақты дәстүрлі корей музыкасының ұлттық орталығы шығарды. Сеулдегі басылымның тұсаукесеріне Алматыдан кітапта аты аталған 4 қайраткер барды. Олар – Қазақстанның халық әртісі Римма Ким, республикамыздың еңбек сіңірген әртісі Зоя Ким, Талдықорғандағы «АчИм ноУль» ансамблінің көркемдік жетекшісі Галина Нам және Алматы қаласы гитаристер қауымдастығының жетекшісі Геннадий Ким. Жалпы кітап ышғару идеясы 2019 жылы басталған. Корей орталығының мамандары Қазақстанға келіп, өнерге үлкен үлес қосқан корей диаспорасының өкілдері туралы материалдар жинайды. Тек пандемияға байланысты кітаптың шығуы кейінге қалып, енді ғана жарық көрді.

Ким Ен Ун, дәстүрлі Корей музыкасының ұлттық орталығының директоры:

- Кітаптың мақсаты – шетелде тұратын корейлердің өнерін көрсету. Осылайша, өткеннің тәжірибесін зерделей алатын ұрпақ үшін әдістемелік құрал жасалады. Бұл Қазақстан мен Корея өнерпаздарының жаңа ынтымақтастығына негіз болады деп ойлаймын. Елімізде отандық қайраткерлердің шығармашылығы мен өмірін суреттейтін кітаптар көп болса да, шетел қайраткерлері туралы соңғы кезде ғана айта бастадық.

Со Ин Хва, кітап авторы:

- Қазақстан корейлері Солтүстік және Оңтүстік Корея мәдениетінің үздіктерін пайдаланып өз қолтаңбаларын жасаған. Жер аударған корейлерді қазақтар жылы қарсы алып, қабылдағаны қашан да құнды. Этникалық азшылықтардың кез келген жерде тұруы оңай емес, бірақ басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы жағдай өте жақсы. Қандастар айтады: қанымыз корей болғанымен, түбінде қазақпыз. Олар екі елді жақсы көреді, бірақ Қазақстанда тамыр жайып, махаббаттарын өнер арқылы білдіріп отыр.