Шөмішбай Сариевке арналған «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесері өтті

Алматыда ақын Шөмішбай Сариевтің  өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жинақ ақынның үздік өлеңдері мен ғылыми жұмыстарын, көзін көрген зиялы қауым өкілдерінің естеліктерін топтастырған. «Қос қанатты ақын» атанған Шөмішбай Сариев лирик ақын ретінде де, ән мәтіндерінің авторы ретінде де танымал. Бүгінге дейін оның 30-ға жуық кітабы басылып шықты. 300-ге жуық өлеңіне  ән жазылды. Ақынның сөзіне жазылған «Айналдым сенен, Атамекен-ай» әні 40 жыл өтсе де, әлі күнге тебірентпей қоймайды. «Ғибратты ғұмыр» жинағына ақынның ғылыми жұмыстары да енген. Оның «60-70-жылдардағы қазақ лирикасы» туралы жазған ғылыми еңбегі, бүгінгі ұрпаққа таптырмас дүние,-дейді мамандар. Өйткені мұнда Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырза Әлі,  Тұманбай Молдағалиев сияқты ақындардың шығармаларына кәсіби талдау жасалған.

Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл поэзияны зерттеп жүрген, болашақта поэзияға сын жазатын авторларға өте қажет еңбек деп айтамын. Сол сияқты «Абай дәстүрі», «Қазақ тәуелсіз поэзиясы», «Махамбет поэзиясы» туралы жазған тың еңбектері кірген.