Астанада «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының тұсау кесері өтті

Астанада «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының тұсау кесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жаңа отандық киноөнімде Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылған. Тарихи туындыда «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, революциядан кейінгі жылдар, тұлғаның ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі мен жары Ғайнижамал екеуінің махаббат хикаясы баяндалады. Алты бөлімнен тұратын сериал ұлт руханиятының ұлы тұлғаларын ұлықтауға бағытталған. Осы арқылы 20-шы ғасыр басындағы ұлттық өрлеу кезеңі мен Алаш қозғалысының тарихи миссиясын көременге, жас ұрпақтың санасына сіңіруді көзделіп отыр.

Мұрат Есжан, режиссер:

- Тек қана бір эмоция сыйлайтын интертеймент ғана емес. Ағартушылық мәні де болса деген нәрсені мақсат қылып тұтамыз. Сондықтан әртүрлі кітаптар, мақалалар, жинақтар, естеліктер қандай дүниелер бар соның бәрін қамтып,  қарап кино өнімге айналдыруға тырыстық.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Ұлыларды ұлықтау, тұлғаларды терең тарих арқылы көрсету. Сериалдар арқылы беру үрдісі жақсы жалғасып келе жатыр. Үлкен мектеп қалыптасты. Бұлар енді үлкен аудиторияға шығады деп үміттенеміз. Міржақыптың да аудиториясы сол бүкіл бауырлас елдердің ояну дәуірінде Міржақыптан рух алған бүкіл түркі халықтарына кеңінен таралады деген үмітіміз бар. Сериал үлкен индустрия. Үлкен өндіріс. Бұл идеологияда ұлттық құндылықтардың барлығы осында. Сондықтан сериалдарды әсіресе ұлттық сипаттағы сериалдарды біз қолдай береміз.