Павлодарда үздік кітап оқырманы анықталды

Павлодарда Тәуелсіздік күніне орай өткен кітапхана оқырмандары арасындағы облыстық байқаудың қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Конкурс шарты бойынша тұрғындар 10 ай ішінде 100 кітап оқып шығуы керек еді. Бұл талапты орындаған азаматтар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Қазылар алқасының шешімімен Солтүстік полиция бөлімінің аға тергеушісі жеңімпаз атанды.

Айгерім Әбікеева - 16 жылдық тәжірибесі бар аға тергеуші. Декреттік демалысқа шыққан кезде кітап оқуға әуестенген. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың оқырманы атанды. 10 ай ішінде 100 кітапты оқып шыққан.

Айгерім Әбікеева, байқау жеңімпазы:

- Жыл басында 20 кітап оқығым келді. Кейін өз алдыма 100 туындыны бір-ақ оқу мақсатын қойдым. Мамандығым тергеуші болғандықтан, детективтерге құмармын. Оқыған кітаптардың 70%-і осы жанрда жазылған. Қалғаны қызықты романдар мен көркем әдебиеттер. Балаларым маған қарап, кітапқа әуестеніп келеді.

Тергеуші бір күнде 300-400 бетті оп-оңай оқып шығуға болады дейді. Ең бастысы, қызығушылық керек. Тәуелсіздік күніне орайластырылған байқаудағы жеңіс Айгерім Әбікеева үшін тосын сый болды.

Байқауды өткізудегі басты мақсат – кітап оқу мәдениетін дамыту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қызығушылық танытқан оқырмандардың қарасы қалың. 20-дан астам павлодарлық белсенділік танытқан. Олардың арасынан жеңімпаздар іріктелді.

Шолпан Шахметова, С. Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың басшысы:

- Байқауда 100 кітап оқу керек. Асып кетсе саналмайды. Бізде 1200 кітап оқыған адамдар бар. 106 кітап, 102 кітап. Бір күнде екі адам өздерінің қорытындыларын айтты. Соңғы кітапты оқыды, біреуі түске дейін, біреуі түстен кейін. Түске дейін оқыған адам жеңімпаз атанды. Талап сондай, біздің оқырман болу керек және қордан кітап алу керек.

Облыстық жарысқа 16-35 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Себебі, дәл осы жастағы оқырмандардың саны аздау. Басым бөлігі орта жастағы тұрғындар екен.

Фариза Чапанова, байқауға қатысушы:

- 10 айда 100 кітап оқу қиын емес. Университеттегі сабақтан тыс уақытта екі сағатымды кітап оқуғы арнаймын. Сондай әдет қалыптасқан. Детектив, фантастика жанрларын сүйіп оқимын.

Мамандардың айтуынша, кітапханаға келетіндердің ішінде жастар көбейіп келеді. Байқауға қатысуға ниет білдіргендердің басым бөлігі де – осы жастар.

Вероника Колесникова, байқауға қатысушы:

- Өзім электрондық нұсқаларға қарағанда қағаз форматындағы кітаптарды ұнатамын. Мен үшін кітапты ұстап, көру маңызды. Кітапханаға да жиі келемін. Көбінесе роман оқимын. Осы жолы Абай Құнанбаевтың туындыларын да оқып көрдім. Болашақта жалғастырмақпын.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кітапхананың қорында 500 мыңнан астам кітап, газет-журнал мен ғылыми еңбектер бар. Бұл жерде жыл сайын 20 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіледі. Сондықтан, жарысты дәстүрге айналдыру көзделген.