«Астана Опера» театры өз өнерімен бакулықтарды тәнті қылды

«Астана Опера» театры өз өнерімен бакулықтарды тәнті етті.

Өнер ұжымының Әзербайжандағы алғашқы гала-концерті аншлагпен өтті. Оған  опера солистерімен қоса, хор  және симфониялық оркестр қатысты. Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. Мәдени шара осы айтулы датаға орай ұйымдастырылды.

«Астана Опера» театрының солистері өз елімізде ғана емес, шетелде де жақсы танымал. Бакулықтар да қазақтың опера әншілерінің репертуарынан хабардар. Мәселен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина мұнда бұған дейін өнер көрсеткен. Опера әншісінің айтуынша, әзербайжан халқының музыкалық талғамы өте жоғары. 

Жұпар Ғабдуллина, "Астана Опера" театрының жетекші солисі:

- Бірінші Бүлбүл атындағы халықаралық вокалистер концертіне қатысқан едім және де осы әзербайжан халқының көрнекті композиторы Узейр Гаджибековтың Көроғлы операсын маэстро Рауф Абдуллаеавпен Түркияда Мерсин қаласының опера театрында орындаған едім. Сол кісімен Нигярдың партиясын жасаған едім. Бүгін орындаған шығармам Джузеппе Вердидің «Сила судьбы» операсынан Леонарданың ариясы.

Концерттің алғашқы бөлімі қазақстандық композиторлардың шығармаларына арналды. Оған қоса бағдарламаға Батыс Еуропаның классикалық музыкасы енді. Оркестрге Руслан Баймурзин дирижерлік етті. Опера арияларын Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Медет Чотабаев, Салтанат Мұратбекова сынды солистер орындады.

Ғалым Ахмедьяров, "Астана Опера" театрының директоры:

- Аңызға айналған Әзербайжан мемлекеттік опера және балет театрында өнер көрсету біз үшін үлкен жауапкершілік. Осы гастрольдік сапарымыз екі елдің арасындағы мәдени байланысты оданәрі нығайтады деп сенеміз.

Симфониялық оркестрдің ғажайып таза үні, қазақстандық опера жұлдыздарының күміс көмей дауысы мен хордың өнеріне бакулықтар ерекше ықылас білдірді. Бүкіл зал болып тік тұрып ұзақ қол шапалақтады. Осылай әртістердің кәсіби біліктілігін жоғары бағалады.  

Ольга Бочарникова, Баку қаласының тұрғыны:

- Мен Астанада 11 жыл  тұрғам. Сол жақта жүргенде «Астана Операның» өнерін қалт жібермей қадағалап жүретінмін. Біразын жақсы білемін. Шеберліктерін бұрынғыдан да шыңдай түсіпті. Тамаша. Қазақстанға тап болғандай сезімде болдым. 

Муслима Балаева, Баку қаласының тұрғыны: 

- Өз басым керемет әсер алдым. Оркестрдің орындауын айтып жеткізе алмаймын. Барлығы да өз ісінің кәнігі шеберлері. Опера солисі, хор, оркестр қосылып ойнағанда ғажап сезім сыйлады. Қазақтың музыкасы қандай керемет. Театр келіп жатса, тағы келем.    

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Бакудің бір өзінде онға жуық театр бар.  Соның ішінде осы опера және балет театрының тарихы тереңде жатыр. Оның ғимаратын 1910 жылы ағайынды Маиловтар салғызған. Театр 1911 жылы қолданысқа берілген. Содан бері  бір ғасырдан астам уақыт ішінде мұнда талай әлемге танымал өнер жұлдыздары ән салған. Сол киелі сахнада қазақтың «Абай», «Біржан-Сара», «Қыз Жібек» сияқты операсынан ариялар орындалды.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев