Отандық «Қызымның қорғаушысы» фильмі прокатқа шықты

Алматыда тағы бір отандық фильм көрерменге жол тартты.

«Қызымның қорғаушысы» деп аталатын картинаның тұсаукесер рәсімі Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті. Экшн жанрындағы туындыны Tiger Films продюсерлік компаниясы түсірген. Фильмде кино және эстрада жұлдыздарымен қатар, қоғам белсенділері де бой көрсетеді. 

Бұрынғы әскери қызметкер Асқар қапыда әйелі мен қызынан айырылып қалады. Қайғы жұтып, құрдымға кетіп бара жатқанын көрген әріптестері оны бизнесменнің қызына оққағар етіп жұмысқа орналастырады.

Ал бойжеткенді ұрлауға бекініп, торауылдап жүргендер көп. Осылайша қазадан енді ес жия бастаған Асқар, тағы бір сынаққа тап болады. Фильм осылай басталады. Басты рөлдің бірін Тәуекел Мүсілім ойнайды.

Тәуекел Мүсілім, актёр:

- Жан-Клод Ван Дамм, Джеки Чан - соларға қарап өстік, соларға өзімізді теңегендей болып, әрдайым сол боевиктерге қызығатынмын,бала арманым десем болады. Сол себепті сол бала арманым орындалып, қалың көреремененге жол тартып жатыр. 

Кәсіпкердің 17 жастағы қызы Аружанды Амира Махмудова ойнады. Ол өзінің кейіпкерінен бір жасқа ғана кіші. Бұл Амираның кинодағы алғашқы қадамы.

Амира Махмудова, актриса:

- Мен Тәуекелдің жанында өзімді жайлы сезіндім. Біз фильм туралы ғана емес, өмір туралы сөйлестік. Мен өзімнің ролімді шынайы ойнауға таныстым. Көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамын.

Tiger Films жастарды тәжірибе жинақтауға және талантын ашуға мүмкіндік жасайды. Олардың қатарында картинаның режиссері және сценарисі Алена Алмаз да бар. Оның да алғашқы толықметражды фильмі екен.

Алёна Алмаз, фильмнің режиссёрі:

- Оңай болды деп айта алмаймын. Тіпті тастап кеткім келді. Бірақ аяғына дейін шыдадым. Соңында нәтижесін көргенде қиындықтың бәрі бір сәтте ұмытылып кетті.

«Қызымның қорғаушысы» тұсаукесерден соң үлкен экранға жолдама алды.  Фильм еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.