Түркістан музыкалық драма театрында «Мағжан» спектаклі қойылды

Жас драматург Алмас Нүсіптің ақын, ғалым, аудармашы, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабайұлы жайындағы туындысы алғаш рет былтыр күзде сахналаған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сахналық қойылымда қазақ даласын аштық жайлаған кезеңде Мағжанның кеңес үкіметінің озбыр саясатына қарсы күресі бейнеленген. Онда ұлы ақын әділетсіздікпен, солақай саясаттың қолшоқпарына айналған шолақ белсенділермен күреседі. Қазақ халқының басына түскен нәубетке қабырғасы қайыса отырып қарсы шығады. Идея авторы және театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың айтуынша, көрермен спектаклде Мағжанды жаңа қырынан таниды.

Айнұр Көпбасарова, театрдың көркемдік жетекшісі:

- Біз Мағжан Жұмабаевті лирик ақын ретінде ғана білеміз. Оның қоғамдағы ауыртпалық, ашаршылық кезіндегі елден жылу жинап, қаншама қазақтың аман қалуына, қазақ халқының тағдырындағы ең қиын нәубеттің бірінде өзінің қоғам қайраткері екендігін, белсенді жұмысын біз біле бермейміз. Сондықтан бұл спекталь сол қиын-қыстау кезеңдегі қазақ арыстарының бейнесін толықтыратын спектакльдердің бірі деп айтуға болады.

Қойылымды Италиялық режиссер Davide Livermore сахналады. Ал Мағжан бейнесін белігілі, талантты әртіс Еркебұлан Дайыров сомдады. Өзге рольдерді Зарина Кармен, Али Марат сынды елімізге танымал әртістер ойнады. Яғни, актерлердің дені – жастар. Бірақ соған қарамастан жас әртістер бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын, елі үшін басын қатерге тіккен жас Мағжанның бейнесін көрерменге жеткізе білді.

Еркебұлан Дайыров, актер:

- Бұл спектакль Мағжан атамыздың махаббатынан гөрі ұлы депрессиясына арналды деп айтса болады. Бұл спектакльдің ерекшелігі сонда. Мағжанның да ерекшелігі сонда. Біз өзіміздің қайраткеріміздің шынайы қазақтың баласы екенін көрсеттік. Шындығына келген кезде, дәл осы аштық, үлкен нәубеттің ортасында Мағжан атамыз құралақан отырмаған.

Қойылымды тамашалаған көрермендер «спектакль – шынайылығымен, елі үшін азап шеккен Алаш қайраткерлерінің сын сағатта сынып кетпей, ұлтқа адал қызмет етудің ерен үлгісін көрсете білуімен құнды», - дейді. Сондықтан алған әсері де ерекше.

Базаркүл Айдарбекова, қала тұрғыны:

- Маған өте қатты ұнады. Әсіресе Мағжан ролін ойнаған әртіс, қойылым өте тамаша өтті.

Мәриям Кенжебаева, қала тұрғыны:

- 70-ке келген жасымда мен қайтадан туғандай болдым. Не деген керемет! Қазақ өнерінің дамығанына қуанып тұрмын. Қазақ өнерінің балаларына қуанып тұрмын. Мұндай қойылымдар көбейе берсе, біздің мәдени ортамыз бұдан да керемет болған болар еді. Барлықтарына алғыстан басқа айтарым жоқ.

Мағжанның ел үшін жасаған еңбегі, батырлығы, жанкештілігі, «Мен жастарға сенемін» деп, өзі үміт артқан көптеген жастың жүрегіне шоқ тастағаны анық. Оны қойылымды тамашалған жастардың жүзінен де аңғаруға болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.