Павлодарда жүздеген оқушы бір мезетте күй тартты
Ертіс өңірінің жүздеген оқушысы бір мезетте күй тартып, республикалық музыкалық челленджге үн қосты.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу мақсатын көздеген шара барысында, дарынды оқушылар Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Мұғалімдердің айтуынша, ауқымды акцияға қатысуға ниет білдірген жастардың қарасы қалың. Әйгілі туындыны орындау үшін, бірнеше күн бойы дайындық жүргізген. Челленджге қатысқан оқушылардың барлығы кәсіби музыканттар емес. Басым бөлігі - мектеп жанындағы домбыра үйірмелерінің шәкірттері.
Аружан Сәденова, оқушы:
– Күрделі туынды, бірақ, оны ойнау аса қиын емес. Және де осы «Балбырауын» күйі біздің қазақ еліміздің байлығы, бостандығы туралы ойналады. Осы мерекеге дайындалып, біз тек бір күн ғана дайындалдық, бірақ, мектепте бірнеше күн бойы дайындалдық.
Сарбиназ Шәріпова, А. Шәмкенов атындағы мектеп-лицей директорының орынбасары:
– Мақсаты балалардың біздің мәдениетке, қазақ халқының мәдениетіне, музыкалық аспаптарына деген қызығушылығын арттыру. Балалардың көңіл-күйі тамаша, олар өздері қызығушылық танытты. Ұлттық киім киіп, мүдделі көңіл-күймен келді.