«Тұран» этноансамблі Еуропада төртінші концертін берді
«Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Еуропада төртінші концертін берді.
Брюссельдегі өнер кеші аншлагпен өтті. Бұл концерт Қазақстан мен ЕуроОдақтың дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналды.
Қазақтың көне музыкалық аспаптары - қыл-қобыз, сыбызғы, даңғыра, шертер мен сазсырнайдың үні Брюссельдің "Бозар" үздік концерт залында әуеледі. "Ұлы дала" көшпенділерінің әуені бельгиялық көрерменді тәнті қылды. Кеште Нұрғиса Тілендиев, Дәулеткерей Шығайұлы, Абай Құнанбайұлымен қатар еуропа өнер шеберлерінің шығармалары орындарды.
Ақтоты Райымқұлова, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының директоры:
- «Тұран» ансамблінің 15 жылдығына арналған бағдарламамен бастап, осы біздің ата-бабамыздың бізге қалдырып кеткен мұрасын және бүгінгі күнгі жастардың, музыканттардың осы ата-бабаларымыздың мұрасын қалай дәріптеп, бүгінгі күнге жалғастырып жатқандығын көрсеттік. Италиялықтардың классикалық музыкасымен бірге француз композиторларының музыкасымен бірге Қазақстанның заманауи муызкасын көрсетіп жатырмыз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Медет Шотабаевтың, танымал пианист және концертмейстер Динара Мирманованың өнері ешкімді бей-жай қалдырмады. Көрермендер қайта-қайта қол соқты.
Люк Девинь, Еуропаның сыртқы іс-әрекеттер қызметінің дирекциясы басқарушысының орынбасары:
- Қиялды қозғаған ғажайып концерт болды! Әртүрлі аспаптардың әдемі үйлесімі, классикалық туындылармен үндескен көшпенділер мәдениеті керемет әсер қалдырды! Көрермендер, оның ішінде мен де бармын, бәріміз риза болдық. Қазақстан мен Еуроодақтың дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толу мерейтойына арналған концерт үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді.
Мақсат Медеубек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыканты:
- Осы жолғының айырмашылығы - сол біз ұзақ уақытқа бүкіл Еуропаны қамту мақсатында келіп отырмыз. Осы уақытқа дейін 4-5 концерт беріп тастадық. Құдайға шүкір, қай жерге бармақ та, қай мемлекетте болмасақ та, халықтың қазақ өнеріне деген қошеметі, ықыласы өте жоғары. Кеше ғана мысалы үшін біз естіп жатырмыз біздің концертке келгеннен кейін көрермендердің Қазақстанға деген, қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы күрт көтерілген. Барлық сайттарда, туристік агенттіктерде, барлық жерде жазып Біз қазақстанды көргіміз келеді деп өз омментарийлерін қалдырып жатыр екен.
«Қазақконцерттің» өнер сапары Нидерланд, Австрия, Хорватия мен Словенияда жалғасады.
Жанат Эрнст