Ақтөбеде Т.Ахтановтың құрметіне халық театрлары фестивалі өтіп жатыр
Ақтөбеде Қазақстанның халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналған республикалық халық театрлары фестивалі өтіп жатыр.
Еліміздің 8 өңірінен жиналған аудандық деңгейдегі 10 өнер ұжымы өзара сайыс көркін қыздырды. Сахнада әйгілі тұлғаның туындылары қойылды.
Республикалық фестиваль шымылдығы Шалқар аудандық театрының қойылымымен ашылды. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы желісі бойынша шағын спекталді сахналаған ұжым бұл сайысқа жыл басынан бері дайындалыпты. Нәтижесінде 11 актердің көмегімен 40 минуттық көрініс көрерменнің назарына ұсынылды. Ал соғыс кезеңінен сыр шерткен қойылымда жаумен алысқан жауынгердің ерлігі, отансүйгіштігі, тіпті бозжігіт пен бой жеткеннің махаббаты да көрінеді.
Айгүл Мутова, Шалқар аудандық халық театрының режиссері:
- «Қаһарлы күн» романын көбісі оқи қоймайды ғой шындығына келгенде. Соны міне жастар өз көзімен көріп, "осындай міне спектаклдер бар екен ғой, қойылымдар бар екен ғой"-деп балалар көрсін деген ниетте біз жасады. Шалқар ауданында бізде 7-8 мәрте қойдық.
«Халықтық» атағы бар театрлардың республикалық фестивалі алғаш рет өткізіліп отыр. Қарағанды, Жетісу, Абай, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан 10 аудандық театр ұжымы келді. Фестиваль олардың ортақ мәселелерін көтеруге де мүмкіндік берді.
Гүлнар Сейталина, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:
- Халықтық атағы бар театрлар бұларда екі ғана штат бірлігі бар. мысалы бірі режиссер болса, екіншісі көмекшісі болуы мүмкін. Ал қалған құрамы актерлардың өнерсүйер ауыл тұрғындарынан құралған. Бұлар жалпы ауылдың мәдениетінің дамуына үлес қосып отыр. Өйткені, әрбір іс-шара бұл халық театрының ұжымынсыз өтпейді.
Шара екі күнге созылады. Осы аралықта атақты жазушы, дрматургтің шығармалары сахналанатын болады.
Болат Әбділманов, қазылар алқасының төрағасы:
- Жалпы нағыз талант - ол халық арасында ғой. Бұл өнер деген халыққа әсер ету. Талант деген сөз ол отырған көрермен, ол спектаклден ойланып кетсе, көзіне жас үйіріліп келсе, соны 2-3 күн осы оқиғаны есінде сақтап ұмытпай жүрсе, талант деген, өнер деген осы. Сондықтан халыққа әсер ету.
Сайыс қортындысында үздік қойылымдар мен оны сахналаған актерлар да марапатқа ие болады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев