Бейнелеу өнеріне жаңа жанр қосылды

Бізкесте – бейнелеу өнеріне тағы бір жанр болып қосылды. Кейінгі уақытта көпшіліктің осы өнерге деген қызығушылығы арта түскен.

Ұмытылып бара жатқан ұлттық өнерді жандандыруға үлес қосып жүрген жанның бірі - Зейнелхан Мұхамеджан.

Бұл туынды «Аласапыран» деп аталады. Қаңтар оқиғасына арналған. Зейнелхан Мұхамеджанның шығармаларының ауқымы кең. Суретшінің айтуынша, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайды. Сурет демекші кескінді бастамас бұрын алдымен эскизін жасап алу керек. Содан кейін барып кесте түседі.

Зейнелхан Мұхамеджан, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Қайда барсам да бір ойымнан кетпей бір санамнан қылаң беріп, әрқашан бір хабар беріп тұратын қаңтар оқиғасы еді. Қалай берсем болады екен деп көп ойланып осындай тоқтамға келіп. Үш-төрт айға жалғасады.  Бастағаныма бір айдай болды.

Расында бізкесте аса төзімділікті қажет етеді. Көлеміне қарай кейбіріне   9 айға дейін уақытын жұмсайды. Бізкесте – түрлі-түсті жіппен матаға тоқылған әшекейлі кесте. Зейнелхан Мұхамеджан 30 жылдан астам уақытын осы өнерге арнаған. Өткен ғасырдың 60 –шы жылдары ұмыт болуға аз қалған дүниені туған халқына қайта әкелді.

Зейнелхан Мұхамеджан, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Суретші ретінде ерекше бір өз қолтаңбамды табу жолында ізденіспен келдім. Сол ізденісім өмірлік шығарма жолының негізін қалады. Кесте өнерімен өз жандүниемді қазақтың ұлы даласында болып жатқан  оқиғаларды кестемен кестелеп шығармамды арқау қылып келе жатырмын.

Оның шығармалары әлемнің көптеген елдерінің көрмелеріне  қойылған. Өнерді шын бағалайтындар шетелден арнайы келіп, қалап алып кетеді. Ал бізде көрмеде тұрған дүниеге шын мән беріп, үңіліп қарамайды. Оның да өзіндік себебі бар.

Зейнелхан Мұхамеджан, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Таңданып тұрып басын шайқайды да кетіп қалады. Ананы әрі қарай ізденіп, бұл не техника қалай жасалған, шебері кім дегенге бас қатырмайды. Неге өйтеді екен деген себебім бізде бірақ санадан өшіріп кеткен. Ойлануға да негіз жоқ па деп сондай дәрежеге жеткен бе деп, таңғалам. 

Тынымсыз насихаттың нәтижесінде соңғы кезде әсіресе жастар арасында осы өнерді үйренгісі келетіндердің қатары көбейе түскен. Тіпті сурет салудан хабары жоқтардың өзі келіп жатады. Ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен шеберге бұдан асқан бақыт бар ма.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев