Елордада «Томирис» халықаралық студенттер кинофестивалі басталды
4 күнге созылатын шарада Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Франция, Чехия және Оңтүстік Корея елдерінің жас режиссерлері өзара бақ сынайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазылар алқасы 60-тан астам түрлі жанрда түсірілген фильмге баға береді. Ал үздік туындының авторына 400 мың теңге жүлде бар. Мақсат – студенттердің талабын ұштап, қолдау көрсету. Бұл іс-шара осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Әлімжан Әлмұхан, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті:
- «Томирис» фестивалінен үмітім зор. Жоба туралы айтып кетсем, «Телефон» – ол өмірде болған жағдай. Досыммен бірге осы сценарийін жазған кезде фестивальдарға авторлық дүние ұсынамыз деп өзіміздің көзқарасымызды ұсындық. Сценарий 3 айда жазылды, түсірілім 4 күн болды.
Әубәкір Сүлеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссёр:
- Әрине, кинофестиваль студенттер үшін үлкен мотивация болады. Жас режиссерлер қатысып жатыр. Осы кинофестиваль арқылы студенттер бір-бірінің туындыларын көріп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндігі бар. Олардың жұмысын тек қазақстандық емес, өзге елден арнайы келген режиссерлер, киносыншылар және продюсерлер бағалайды.