Ұлттық музейде А. Қазғұловтың жеке көрмесі ашылды

Ұлттық музейде белгілі суретші Алпысбай Қазғұловтың жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда қылқалам шеберінің 8 мың туындысынан іріктеліп алынған 140 еңбегі қойылды. Көрме 2 айға созылады. Картиналарда көбіне ата-бабаларымыздың рухани мұрасы, қазақ мәдениеті бейнеленген. Көрмеге келушілер суретшінің қолынан шыққан өнер туындыларымен етене таныса алады. Өйткені салтанатты шара барысында оның шығармалары топтастырылған кітаптың тұсаукесер рәсімі де өтті. Алпысбай Қазғұловтың картиналары бұған дейін Бельгия, Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Жапония және Нидерландыда қойылған. Оның жеке қорындағы суреттердің көбі Еуропа, Азия, Американың галереяларында сақтаулы.

Алпысбай Қазғұлов, суретші:

- Ең таңдаулы деген картиналарымды алып келдім. Астананың көрермендері көрсін, бағасын берсін деп көрмемізді ашып жатырмыз. Халық бағасын бере жатар. Бүгінгі көрменің мақсаты, 45 жыл шығармашылымдағы өзіме қорытынды жасайын деген, көрме арқылы көрерменіммен бөліскім келді.