Семейде тарихи тұлғаларды сомдағыш мүсінші тұрады

Семейде тарихи тұлғалардың, оның ішінде қуғын-сүргінді көп көрген Алаш қайраткерлерінің бейнесін сомдайтын мүсінші тұрады.

Шебер Нұрбол Қалиев осы уақытқа дейін жиырмаға жуық ескерткіш пен монументтің авторы атанды. Оның қолынан шыққан туындыларға сұраныс жоғары.

Нұрбол Қалидың шеберханасы қашан да қарбалас. Мүсінші біз барғанда тағы бір тарихи тұлғаның бейнесін сомдап жатты.  

Нұрбол Қали, мүсінші:

- Қазір Құнанбайдың үзеңгілес досы болған, өзінен екі мүшел үлкен Доғал бидің ескерткішін сомдап жатырмын. Құнанбай кезінде бұл кісіге ас беріп, қатты қадірлеп, күмбезін де өзі тұрғызып берген. 0.35скл0.48Құндызды дауына қатысқан, тарихта өз орны бар би. 

Шебер соңғы уақытта Ұлы ақын Абайдың айналасы мен Алаш тақырыбына кең құлаш ұрып жүр. Құнанбай, Абай, Ақылбай мен Турағұл, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ескерткіштері ел көңілінен шықты. Мүсіншінің үш бірдей туындысының ашылу салтанатына Президенттің өзі арнайы қатысқан.

Тұрдықұл Шаңбай, Абай қорық-музейінің директоры:

- Қазір Семей қаласының жүрегі Абай музейі, соның ең биігінде тұрған ескерткіш осы. Бұл орын қалалықтардың демалатын, Абайға бір табан жақындайтын жерге айналды. Шешімін тамаша тапқан, көркем-эстетикалық композиция болды деп айтуға болады.

Александр Махно, суретші:

- Нұрболдың өзіндік стилі бар. Оның шеберлігі, кейіпкерінің образын дәлме-дәл аша білетіндігінде. Мысалы мына алаңда тұрған грузин шебері жасаған Абайға қараңыз. Алайда біздің жанымызға Нұрболдың Абайы, Нұрбол сомдаған Алаш қайраткерлері жақын. Мүсіншінің өзі де ұлылар туған киелі топырақта өсіп-өнген. Содан да болар, оның туындылары өзгеше. 

Оның халық жылы қабылдаған туындылары Семей, Өскемен, Астана қалалары мен Ақмола, Алматы облыстарында бар.

«Ескерткішке жансыз зат ретінде қарауға болмайды. Ескерткіш идеология, тәрбие құралы», - дейді ол. 

Нұрбол Қали, мүсінші:

- Ұлтты тәрбиелейтін, келесі ұрпақты тәрбиелейтін ескерткіш. Бір ескерткішпен көп нәрсені айтуға, көп дүниені жеткізуге болады. Шығармашылық ескерткіш болса. Бір ескерткішпен көңілге кірбің түсіруге де  болады. Шынайы, дұрыс шықпаса.

Мүсінші шетелдік әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Түркияның Болу қаласындағы Көрұғлы монументі мен Омбы шаһарындағы Амангелді Шәкенов ескерткішінде шебердің қолтаңбасы бар. 

Абай облысынан Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы