Ұлытауда этномәдени бірлестіктерді қолдау артады
Ұлытауда этномәдени бірлестіктерге қолдау артады.
Бұл туралы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясында айтылды. Сонымен қатар ұйым алда атқарылатын міндеттерді межелеп, жүзеге асырылатын жобалардың жоспарын жасады.
Халқының саны 220 мыңнан сәл асатын жаңа облыста 20-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату тұрып жатыр. Олардың арасында бірлік пен ынтымақты үйлестіру облыстық Ассамблеяның негізгі міндеті болмақ. Алғашқы сессияда жарасымды үндестікті нығайту жолдары күн тәртібіне шығарылды.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Жалпы мемлекет басшысы бастаған саяси реформаны жүзеге асыруға Ассамблеяның үлесі өте зор. Бүгінгі күні осы халықтың тұтастығы, бірлігі осы Ассамблеяның негізгі бір миссиясы. Сондықтан біздің де бүгінгі құрылған облыстық Ассамблеяның кеңесі жасақталды.
Сессия отырысында облыстық Ассамблеяның төрағасы мен орынбасары таңдалды. Жаңадан құрылған қоғамдық ұйымның құрамында әзірге 20-дан астам мүшесі бар. Олардың басым бөлігін этно-мәдени бірлестік өкілдері құрайды. Бүгінде олардың саны облыс бойынша 9.
Оксана Жук, украин этномәдени бірлестігінің төрағасы:
- Алдымызға қойған міндеттер мен өзге де ірілі-ұсақты мәселелерді өзара ақылдаса отырып шешеміз. Біздің арамызда «біз кімбіз?» деген сұрақ болмайды. Біз тәуелсіз отанымыз – Қазақстанның азаматтарымыз.
Ұлттың келешегі саналатын өскелең ұрпақтың болашағы ұлттық тәрбиеге тәуелді. Аға буын үшін сол тәрбиенің мәйегін кейінгіге мирас ету маңызды. Осы мақсатта облыстық Ассамблея жанында түрлі кеңес жұмыс жасайтын болады.
Гүлбану Сейітжанова, «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры:
- Отбасы жағдайында болып жатқан мәселелердің барлығын осы отбасы институты Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі және этномедиаторлар бірігіп жұмыс істейтін болады.
Сессия қатысушылары тарапынан жастар тәрбиесі, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру секілді мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлер айтылды. Олардың барлығы ұйымның алдағы жұмыс жоспарына енгізілді.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева