Жетісудың Қапал ауылындағы өнерпаз азамат жұртын әншілікке баулып жүр
Жетісу облысындағы Қапал елді мекенінде ауылдастарын әншілік өнерге баулып жүрген азамат тұрады.
Ол бұдан бірнеше жыл бұрын өзі басқаратын мәдениет үйінің жанынан сазсырнай үйірмесін ашқан. Қазір шәкірттері республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып та үлгірді.
Қапал ауылдық мәдениет үйінің жанынан ашылған сазсырнай үйірмесіне қазір 10 шақты бала барып жүр. Солардың бірі 5-сынып оқушысы Ерасыл Байқожа. Ол мамыр айында Астанадағы республикалық байқауға қатысып, бас жүлде алып қайтты. Ұстазы Қапал ауылдық мәдениет үйінің директоры Әлиасқар Науай.
Ерасыл Байқожа, Сазсырнай үйірмесінің шәкірті:
- Музыкальный колледжге барамын Алматыға. Бұл ағайым өте керемет жан десем де болады. Көптеген шығармалар үйретті маған. Өнердегі тәжірибесі мол.
Ысқырып ойналатын осынау саздан жасалған сазсырнай аспабының қоңыр үні тыңдаған жанды өзіне елітпей қоймайды. Замана сарыны мен көне дәуірлерден жеткен тылсым бір сазға құлағыңызды тосқандай күй кешесіз.
Әлиасқар Науай, Қапал ауылдық мәдениет үйінің директоры:
- Сазсырнай деген өте киелі. Баяғыда Болат Сарыбаев деген профессор ағамыз болған. Сол Отырардан тапқан ғой осы сазсырнайды. Соны жарыққа шығарып, қазір Қазақстанның әр оркестрінде қолданылады. Соны ауыл балаларына үйретіп жатқан жайым бар.
Әлиасқар Науай 7 жасында Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы арнайы мектепке қабылданып, 11 жыл білім алады. Кейін Шымкенттегі мәдениет институтын бітіреді. Оқуын тәмәмдаған соң, сол ордалы оқу орнында қалып, ширек ғасырға жуық сабақ берді. Мұса Жарқынбеков құрған «Қазына» фольклорлық ансамблінде 20 жыл қызмет етті. Шәмші Қалдыаяқов атындағы облыстық филармония директорының орынбасары болды. Әкесі дүниеден озған соң, Әлиасқар өзінің туған жері Қапалға қоныс аударып, ауылдастарын ән өнеріне баулып жүр.
Әлиасқар Науай, Қапал ауылдық мәдениет үйінің директоры:
- Сол жақтан алған тәжірибеміз бар, білгенімнің бәрін қолымнан келгенінше үйретіп, қызмет етіп жатырмыз. Ауданымыз үлкен. Біздің енді мәдениет қызметкерлеріне мың да бір алғыс, рахмет! Анар Сериковна деген басшымыз келген, сол басқарып, үлкен шара өткіздік.
Шакура Достыбаева, әжелер ансамблінің мүшесі:
- Ақын Сараның 170 жылдығына ауданда үлкен көріністер болды. Сонда Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын қандай әдемі қылып шығарып, өте жақсы көрініс жасаған. Одан кейін мына ауылда, ауданда 70-80 адамнан хор ұйымдастырып жүрген жігіттің бірі. Осындай азаматтарымыз, өте ризамыз біз Әлиасқарға!
Мамандығы дирижер болғандықтан, Әлиасқар Науай аудан өнерпаздарымен бірге классикалық туындыларды да орындап жүр. Ақын Сараның 170 жылдығына орай өткізген репетициясы мен тойдағы театрландырылған музыкалық көріністер телеарна және әлеуметтік желінің ықпалы арқылы ел ішіне кеңінен тарап кетті. Музыканттың мақсаты – ауылдан шыққан талантты балаларды үлкен сахнаға жетелеу.
Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев