Көпэтносты ауылда қазақтың ұлттық аспаптары дәріптелді

Қазақтың ұлттық аспаптарын түрлі этнос жастары ерекше ықыласпен үйренуге ниетті.

Мысалы, Қызылорда облысындағы Үшінші интернационал ауылындағы кәріс, орыс, түрік балалары қобыз бен домбыра үйірмелеріне барып жүр. Республика күні қарсаңында аймақтағы Қоғамдық келісім мекемесінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық аспаптарын меңгерген  ауыл балалары арасында байқау өтті.

Анита Чен – 5-сынып оқушысы. Оның ең көне аспап – қобызды қолына алғанына 2 жыл ғана болған. Талантты жеткіншек қазақтың бірнеше күй мен әнін орындай алады. Болашақта кәсіби музыкант болғысы келетінін де жасырмады.

Анита Чен, оқушы:

- «Көктем», «Қараторғай», «Балқадиша» шығармаларын орындап үйреніп жүрмін. Алдағы уақытта түрлі байқауларға қатысқым келеді. Үлкен сахнаға шығу – басты арманым. Ол үшін музыкалық білімімді жетілдіре беремін.

Анита Чен 10-нан астам ұлт өкілінің достық мекеніне айналған Үшінші интернационал ауылында тұрады. Республика күні қарсаңында осы ауылдың өнерлі оқушылары арасында қобызшылар мен домбырашылардың байқауы өтті.     

Орхан Орманов, оқушы:

- Мен «Тойбастар», «Учитель», «Балбырауын» деген күйлерді орындай аламын. Бұл – бірінші байқауым. Домбыраны әрі қарай жақсы меңгеріп, үлкен байқауларға барғым келеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Домбырамен орындалатын ән мен күй иірім-ырғағымен ерекшеленеді. Бүгінгі байқауға қатысушы оқушылар бірнеше туындыны нақышына келтіріп орындады. Басты мақсат – жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, шығармашылық қолдау көрсету, - дейді ұйымдастырушылар.

Шахизат Әбдіраманова, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы:

- Мың бала жобасы аясындағы тағы бір бағыты осы домбыра байқауы бойынша, сондай-ақ шығармашылар байқауы бойынша жеңімпаздар республикаға жолдама алады деп жоспарлап отырмыз.

Айта кетейік, көпұлтты ауылдағы әуез мектебінде 65 оқушы бар. Олардың ішінде 15 этнос өкілі қазақтың ұлттық аспаптарына қызығушылық танытқан. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.