Елдегі ең көне театрға қатысты сот ісі созылып кетті
Оралда елдегі ең көне театрға қатысты сот ісі созылып кетті.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, ғимаратты қалпына келтіруге бөлінген қаржы талан - таражға түсіп, жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Енді олар мәдени ошақтың бұзылуына жол берген лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылуын талап етіп жүр.
Оралда 120 сәулет ескерткіші сақталған. Солардың бірі орыс драма театры. Осынау көне ғимараттың сырты бүтін болғанмен, іші түтін. Төбе жабындысы құлап, сылағы түсіп жатыр. 20 жыл бұрын жөнделген нысанның қазіргі жағдайы сын көтермейді. Жиһаз, қондырғылар тозған. Көрермен залы да аянышты күйде.
Оксана Мануша, А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрының бас режиссёрі:
- Дыбыс қондырғылары істен шықты. Кәріз жүйесі де бұзылып, жертөле суға толады. Қанша тазаласақ та иісі кетпейді.
Театр ұжымының айтуынша, ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Биыл көне нысанға 165 жыл толады. Әзірге оны сырлап-сылауға демеушілер ғана қол ұшын созып жатыр.
Марат Қалиев, А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:
- Ғимараттың шатырын өзіміз жөндедік. Қазір екінші қабаттағы кабинеттерге су ақпайтын болды. Демеушілер де көмектесті.
Бір қызығы, су аққан шатыр жаңа. Оны жөндеуге бюджеттен 22 млн теңге бөлінген. Театрдың бұрынғы заңгерінің айтуынша, тендерді басқа өңірдің компаниясы ұтып алған. Авторлық және техникалық қадалағау мамандары жұмысты қабылдап, актілерге қол қойған. Бірақ төбе бірден сыр берді. Тексеріс кезінде 10 млн теңгенің жұмқырылғаны анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Бірақ жауап берушілердің біреуі ауырып қалып, сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.
Бауыржан Шамбұлов, заңгер:
- Бұл іс бойынша жәбірленуші болып мәдениет басқармасы белгіленді. Бірақ олар ешқандай шара қолданбай отыр. Қаулыға қарсылық білдірген жоқ. Тіпті арыз - шағымды дұрыс жазбаған.
Бұл мәселе театр ұжымына ғана керек сияқты. Осы күнге дейін директор облыстық және бас прокуратураға 5 арыз жазып жіберген.
Тимур Шақыбаев, облыстық прокуратураның тергеу басқармасының бастығы:
- Тергеу қызметі жауап берушінің денсаулығы жайлы емдеу мекемелеріне сұрау жіберді. Соңғы рет «жағдайы жақсарды» деген жауап алдық. Енді тергеу амалдары қайта жанданады. Оның ішінде тапсырыс беруші, авторлық және техникалық қадағалау мамандарының жұмысына заңды баға беріледі.
Бұл іске қатысты мәдениет басқармасы да түсініктеме берді. Енді олар көне театрды күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Қазір жобалық - сметалық құжатқа байқау жарияланды.
Сайран Дүйсенов, мәдениет басқармасының басшысы:
- 8 күннен кейін конкурс түгелдей аяқталады. Содан кейін ғылыми жобалау жұмысы басталады. Ғылыми - жобалау жұмысының ішінде театрдың барлық нәрсесін кірістіріп отырмыз. Оның ішінде жарығы да бар, оның ішінде дыбысы да бар. Оның ішінде төбесі де бар. Іштегі жөндеулердің бәрін қайта жасайтын боламыз.
Бек Жәңгіров, Тарихи-мәдени мұраны қорғау мемлекеттік инспекциясының жетекшісі:
- Жобалық құжат дайын болғаннан кейін реставрациялау жұмысына екінші байқау жарияланады. Оған арнайы техникалық талаптар қойылады. Ал мердігер ұйымның сертификаты болуы тиіс.
Келеңсіз жағдайға қарамастан театр ұжымы өнер көрсетіп жүр. Қазір труппа тағы бір қойылымға дайындық үстінде.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдібаев, Эльдар Аюпов