Вьетнам қазақша оқуға көшті
Вьетнам жұрты қазақша үйреніп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Оқытушы – қазақ емес, сол жердің азаматы.
Май Фам есімді бойжеткен қазақ тілін небәрі 1 жылда үйренген. Енді өзі қазақша білгенімен қоймай, өзгелерге үйретіп жүр. Тіпті вьетнамдықтардан бөлек, өзге елдің ұл-қыздарына қашықтан сабақ береді.
Вьетнам - Оңтүстік-Шығыс Азияның алақандай жерін мекен еткен еңбекқор халық. Бұл елде қазақ тілін үйренетіндермен қатар үйрететіндер де бар.
Димаш Құдайбергеннің өнері арқасында қазақ мәдениетіне құлай ғашық болған Май Фам бүгінде қазақшаға ден қойған. Мақсаты – Димаштың ана тілін түсіну, төл мәдениетіне терең бойлау. Онысы жайлы әншінің Алматыдағы концертінде, дүйім жұрттың алдында қазақша мәлімдеген еді.
Май қазақша үйренуді 2021 жылы бастапты. Қазақстаннан қашықтан оқытатын мұғалім тапқан. Мұны Вьетнамдағы Димаштың басқа жанкүйерлері де көріп, олар да қолқа сала бастаған. Сөйтіп, кейінгі екі жылда Май тек вьетнамдықтар ғана емес, әлемнің өзге де елдеріндегі қазақ тілін үйренем деушілерге онлайн сабақ беріп жүр.
Май Фам, қазақ тілінің оқытушысы:
- Қазақ тілін үйрену мені керемет бақытқа бөлейді. Осы тілді үйрету барысында оқушыларым ғана емес, мен де көп үйренемін. Олардың қойған сұрақтары менің көп ізденіп, оларға тұшымды жауап беруіме ынталандырады. Вьетнам әліпбиі латынша, ал қазақ әліпбиі кирилше болса да, егер байқап отырсаңыз, екеуі бірдей-ақ. Олардың негізгі айырмашылығы әріптердің дыбысталуында. Әрине, ережелер басқаша, бірақ бір жылға жуық уақыт үйренгеннен кейін қатты қиын болмайды.
Австроазиялық тілдер тобына жататын вьетнам тілі түркі тілдер тобындағы қазақшаға мүлдем ұқсамайды. Тарихи байланысы да жоқ. Алайда Май мен оның оқушыларына бұл кедергі емес. Бастысы, Димаштың ана тілін түсінсек, қазақ тілінде сөйлесек деген ниеттері бар.
Лан Фам Тхи Хуонг, қазақ тілін үйренуші:
- Мен Димашты жақсы көремін. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Себебі оның не айтқанын түсінгім келеді.
Вьет Ле Туан, қазақ тілін үйренуші:
- Мен алған сабақтарымды ұнатамын. Мен бір күні Қазақстанда қазақша сөйлей аламын деген үміттемін.
Клоуи Ле, қазақ тілін үйренуші:
- Сәлеметсіздер ме, Мен Лос-Анджелес қаласында тұрамын. Мұғаліміміз бар білгенімен бөлісіп жүр және сабақ беру арқылы өзі де жаңа дүниелерді үйренеді. Май секілді ұстазға шәкірт болғаныма өте қуаныштымын.
Май оқу құралы ретінде Димаш туралы жазатын жаңалықтар порталын да қолданады. Себебі онда мәтіннің қазақ тіліндегі нұсқасынан бөлек, ағылшыншасы да бар. Салыстыра аударып үйренгенге жақсы.
Оған қоса қазақ тіліндегі субтитрлары бар бейнематериалдарды көрсетеді. Алайда мұндайлар көп емес. Алда сондай видеолар көбірек болса деген тілегі бар.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Ербол Дайыров.