Пенсильвания университетінде Наурыз тойланды
АҚШ-тың беделді оқу орындарының бірі Пенсильвания штаты университетінде Наурыз мерекесін атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Шараны Қазақстан студенттері қауымдастығы ұйымдастырды.
Наурыз мейрамында жетекші білім ордасында бас қосқан қандастарымыз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтады. Сәбидің тұсаукесер рәсімін ұйымдастырып, домбыра тартып, би биледі. Түрлі ойын ұйымдастырып, арқан тартып сайысты. Ұлттық тағамдар дайындап, дастарқан жайды.
Влад Лихолетов, халықаралық ынтымақтастық бөлімі директорының орынбасары:
- Наурыз – қазақ халқы үшін өте маңызды мереке. Бұл – керемет дәстүр. Мен оған қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бүгін тамаша кездесу өтті. Біз Қазақстан университеттерімен ынтымақтастық орнату, болашақта бірігіп жұмыс жасауды ақылдастық. Барлықтарыңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Пенсильвания штатының университеті – АҚШ-та қазақ жастарына заман талабына сай түрлі мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беріп келе жатқан жоғары оқу орынынң бірі. Бұл білім ордасы Қазақстан студенттеріне арнайы грант бөліп келеді. Қазір университет қолдауымен 10 шақты жерлесіміз білім алып жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан отандастарымыз да бар.
Ләззат Әділова, Penn State университеті грантының иегері:
- Былтыр Қазақстаннан келген студенттер Penn State университетінде Қазақстан студенттерінің ассоциациясын құрды. Қазіргі таңда 30-ға жуық студенттер кіреді. Бұл ассоциацияның негізгі мақсаты – жалпы қазақ мәдениетімен, салт-дәстүрімен осы АҚШ-тағы тұрғындарға, басқа да студенттерге таныстыру және де көптеген басқа да іс-шара өткізу.
Пенсильвания штаты университетіндегі Ұлыстың ұлы күніне Вашингтон қаласынан да бір топ Болашақ стипендиаттары келді.
Авторы: Айжан Сыдықова.