Турист үшін «тартыс»
Қазақстан қытайлық саяхатшыларды гастрономиялық туризм арқылы тартуға мүдделі. Бұл бағыт бойынша Шымкент қаласында бірқатар жоба ұсынылады.
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылу салтанаты кезінде аспаздар ұлттық тағамдар әзірледі. 500 адамға наурыз көже, бауырсақ пісіріп, көпшілікке дәм татқызды. Өнерпаздар халық әндері мен күйлерін орындап, жергілікті халықты тәнті етті. Қазақы салт-дәстүрден үзінді көрсетілді. Ал қолөнершілер мен зергерлер әшекей бұйымдар көрмесін ұйымдастырды.
29-30 наурыз күндері Бейжіңде қазақ әндері әуелейді. 150-ге тарта өнерпаз ән шырқап, өнер ұжымдары арнайы концерт қояды.
Шәбә Әденқұлқызы, әнші:
- Қазақ халқының «Дудар-ай», Майраның әні «Майра», «Қарлығаш» сияқты әндер. Бұл халық арасында ретро әндер ретінде таралып кеткен халық әндері. Себебі әндер сондай сіңімді және құлаққа жағымды. Бір айдан аса уақыт дайындалдық. Мен өзім 8 ән алып келдім. Ансамбльде 15 күй. Жалпы біз екі жарым сағаттық программаға дайындалып келдік.
Шамшат Құрманәлиева, аспаз:
- Біз барынша қазақ халқының мәдени мұрасын осында алып келдік. Салт-дәстүрімізді көрсеттік. Тұсаукесер өткіздік. Барлығы жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Өйткені қаншама халық кәдімгідей тоқтап тұрып қарады. Біз өзімізге сенімді болдық. Қуандық.
Әртістер жарапазан айтып жарысты
Түркістанда Райымбек Сейтметов атындағы драма театр әртістері жарапазан айтып жарысты.
Осылайша ұмыт бола бастаған салтымыз жаңғырды. Өнерпаздар халық әндерін орындап, ұлттық өнерді ұлықтады. Поэзия оқу, қонақ кәде сұрау сынды дәстүр ұмыт қалған жоқ.
Театр тарланы Райымбек Сейтметов негізін қалаған өнер ұжымы ел ықыласына ие. Талай талантты әртіс осы шаңырақта тәрбиеленді. Ізденіс пен табанды еңбекті ту еткен шығармашылық топ көзі қарақты көрерменді әлі де қуанта бермек. Қазір труппа жаңа телевизиялық жобаға қызу дайындық үстінде.
Вили Кемпельдің жеке көрмесі ашылды
Астанада танымал австрия суретшісі Вили Кемпельдің жеке көрмесі ашылды.
"Шексіздік" деп аталатын көрмеде автор ел назарына 84 туындысын ұсынып отыр.
Вили Кемпель – сурет пен саясатты тең алып жүрген тұлға. Ол Австрияның Қазақстандағы елшісі қызметін атқарады. Ал бейнелеу өнеріне бетбұрысы балалық шағынан басталған. Ол сондай-ақ проза, сахна өнерімен де көп жылдар айналысты.
Кемпельдің картиналары көбіне абстрактілі жанрда салынған. Ал тақырып жағынан мәңгілік ізденіс, жан мен тән, рух сынды ұғымдар көрініс табады. Автордың еңбектерін көпшілік елордадағы Хас санат галереясынан 24 сәуірге дейін тамашалай алады.
Тарихи экспонаттар Татарстан төрінде
Татарстанда "Әзірет Сұлтан" музей-қорығының көрмесі ашылды.
Экспозиция 3 бөлімнен тұрады. Олар, "Рухани аманат", "Яссауи мұрасы", "Түркістан – Түркі әлемінің астанасы".
Көрмеде археологиялық, нумизматикалық, этнографиялық құнды жәдігерлердің түр-түрі ұсынылған. Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен мұрасы туралы қолжазбалар, бірқатар еңбектер мен тарихи артефактілер бар.
Көпшілік киелі Түркістан жерінің тарихымен, ұлтымыздың бай мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Көрме 20 сәуірге дейін ашық болады.