Диордың музасына айналған қазақ қызы туралы кітап жарыққа шықты
Нью-Йоркте әлемге белгілі сән дизайнері Кристиан Диордың музасына айналған қазақ қызы Алла Елшін туралы кітап ағылшын тілінде жарыққа шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Авторы – дипломат, профессор Берлин Иришев АҚШ-қа арнайы келіп, көпшілікке туындысын таныстырды. Кітапқа ХХ ғасырда сән әлемінің аңызына айналған ару жайлы тың деректер енген.
Нью-Йорк қаласындағы Қазақстанның бас консулдығында «Алла – Диордың жаңа келбеті» кітабы көпшілікке таныстырылды. Бұл – әлемдік сән әлемін тәнті еткен Алла туралы бесінші кітап. Бұған дейін орыс, француз және қытай тілдерінде жарық көрген. Бірақ ағылшын тіліндегі нұсқасы – бұрынғы кітаптардың аудармасы емес, түпнұсқа», – дейді авторы Берлин Иришев. Онда қазақ аруының Америкадағы сапарлары жайлы тың деректер қамтылған.
Берлин Иришев, кітап авторы:
- Америкада біздің Алланы ерекше бағалаған. Оны «Шығыстың маржаны», «Диордың елшісі» деп атаған. Америкада біраз газеттер таптық. Барлығында өте жақсы айтып жазған.
Алла өткен ғасырдың ортасынан бастап АҚШ-қа жиі келіп, Диордың сән үлгілерін таныстырған. Сол кезде жарық көрген мақалалар мен оның суреттері кітапқа енгізілген. Қыпша бел, келбетті қазақ қызы подиумда көрсеткен сән үлгілерін актрисалар, аристократтар жаппай сатып алатын болған. Қазақ қызы америкалық атақты жазушы Эрнест Хеменгуей секілді танымал адамдармен жақсы араласқанынан оның бұл елде беделді болғанын көруге болады.
Мадияр Нұрахметов, Колумбия университетінің магистрі:
- Сонау Францияда 1940 жылдары қазақ халқының аруын дүниежүзіне көрсеткен Алла Елшін туралы бұған дейін білмедім. Бұл – маған өте үлкен жаңа ақпарат.
6 тілде сөйлеген Алла Қуантханқызы 20 жылдай Кристиан Диордың табыс тұмары болған, – дейді автор. Ол жайлы келешекте көркем фильм түсірілмек. Сценарийі жазылып жатқан жобаға Қазақстан мен қоса Франция және Американың кино компаниялары сән әлеміне құбылыс әкелген қазақ аруының өмір жолын экрандауға құлшыныс білдірген.
Авторы: Айжан Сыдықова.