Отандық кино халықаралық фестивальде марапатталды
Измирде өткен «Тұран» халықаралық кинофестивалінде Қазақстан екі бірдей марапатқа ие болды, деп хабарлайды 24KZ.
Халықаралық жарыста «Кинематографияға қосқан үлесі үшін» сыйлығы «Қазақфильмге» табыс етілсе, Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» туындысы бірінші орынға лайық деп танылды. Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен фестивальге 77 елден 1055 өтініш келіп түскен. Бір ғана Қазақстанның өзінен 21 фильм бірнеше номинация бойынша бақ сынады. Іс-шараның мақсаты – түбі бір түркі жұртының кинематографиясын халықаралық деңгейге шығару арқылы мәдениетін паш ету, – дейді ұйымдастырушылар. Ал «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі фестиваль қонақтары мен қатысушыларына ән-жырдан шашу шашты.
Сұлтан Раев, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- «Тұран» халықаралық кинофестивалі түркі әлемінің кино саласындағы майталмандарының басын қосқан ерекше платформа болды. Алғашқы фестивальге әсіресе жастар көп қатысты. Мұндай іс-шаралар біз үшін маңызды. Туыстас жұрттың үздіктерімен қатар жас таланттардың да жолын ашады деп ойлаймын.
Бирол Гүвен, Түркия кино басқармасының бас директоры:
- Измирде ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Түркі жұртының кинематографияда потенциалы жоғары. Бұл бағытта бірқатар маңызды жұмысты бірлесіп жүзеге асыруға болады. Фестивальдің түркі әлемінде ғана емес, әлем бойынша да ойып алар өз орны боларына сенімдімін.