Париж төріндегі қазақ ауылы

Жазғы олимпиада ойындары қарсаңында Париж орталығынан қазақ ауылы ашылды.

Киіз үй тігілген алаңға келген париждіктер Ұлы даланың ұлттық құндылықтарымен танысып, дәстүр-салтына қанығады.

Көп ұзамай Париж әлем елдерінің спорт астанасына айналады. Өйткені мұнда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан спортшылар бақ сынайды. Қазақстан қатысушыларына көмек ретінде Париждегі отандастарымыз қала орталығынан қазақ ауылын тігіп қойды. Бұл бастамаға Олимпиада қарсаңында Қазақстан елшілігі ұйытқы болды. 

Самал Мырзағалиева, Франциядағы Қазақ әйелдері қауымдастығының мүшесі:

- Осы жыл болатын олимпиада алдында Париж жұртшылығына біз осындай көңіл-күй сыйлағымыз келді. Олимпиадада біздің спорт үміткерлеріміз жеңіске жетеді деген үміттеміз. Сондықтан біз соларды қолдау мақсатында осындай іс-шара өткізіп жатырмыз.

Алаңға келушілер асыр салып ойнап, қазақтың ұлттық ойындарымен танысады. Ашық аспан астында көрікті жерлердің фотогалереясын тамашалап, қолөнер бұйымдарына куә болады. Сондай-ақ көз алдарында әзірленген қазақ асханасынан дәм тата алады.

Ноэ Самсон, режиссер:

- Париж орталығында отырып-ақ фотосуреттер арқылы Қазақстанның атмосферасын айрықша сезіне алдық. Ұлттық асханасынан дәм татып, дәстүр-салтымен таныстық. Мұның өзі бір ғанибет.

Орели Рани, журналист:

- Нағыз жаңашылдық деп осыны айт. Мен бұл ел туралы тек әдебиеттен білгенім болмаса, жақсы таныс емеспін. Тек кең жайлаудағы жылқыларды ғана елестетуім мүмкін. Ал бұл жерде мен Қазақстанның қаншалықты бай әрі қазыналы өлке екенін көріп білдім. Мен Мадагаскарда туғанмын, сіздерден қаншалықты алыс болғанымен, ұлттық биімізде әлдебір ұқсастықтың барын байқадым.

Екі күн бойы Қазақконцерт әртістері меймандар үшін өнер көрсетті. Ұлттық аспаптар мен дәстүрлі музыкаға елітіп, ауылдың басты экспонаты киіз үйге қызығушылық танытқандар көп болды. Қараша үй аз уақытта париждіктердің ауқымды мұражайына айналып үлгерді.

Жоффруа Булар, Париж 17-округінің мэрі:

- Біз Триумфалды арка мен Елисей алаңдарынан екі аттам жерде қазақ ауылының орын тепкеніне өте қуаныштымыз. Көз сүйсіндірер пейзаждар мен киіз үй, керемет қойылымдар, бәрі-бәрі айрықша. Олимпиада ойындары париждіктердің нағыз қонақжайлығын көрсетіп, осы алаңда қазақ достарымызды қарсы алуға үлкен мүмкіндік дер едім.

Париждегі қазақ ауылының екі күндік жұмысынан соң ұлттық құндылығымызға қызығушылық танытып қана қоймай, Олимпиада кезінде спортшыларымызға қолдау көрсетуге құлықты азаматтардың қатары көбейді. Кейбірі Қазақстанға саяхаттамақ ниетте.

Әсия Нұрлыбаева, Әлия Сыздықова, 24.KZ, Париж, Франция