Ақтаулық қарт ана ісмерлік өнерден қол үзбеген
Ақтауда ұлттық нақышта киім-кешек, киіз үй жабдығын тігетін ісмер қария тұрады, деп хабарлайды 24KZ.
Болар Өтебайқызының қолынан шыққан табиғи тоқыма бұйымдарға сұраныс жоғары. Он саусағынан өнер тамған қарт ана үлкен әулеттің тізгінін ұстап отыр. 8 баладан 30 немере, 20 шөбере сүйген қариямен әріптесім Талғат Исламұлы жүздесіп келді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Болар Өтебайқызы биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Қария әлі де ісмерлік өнерден қол үзбеген. Жақында мынадай ақ көйлек тікті. 40-50 жастағы әйелдерге арналған көйлектің жеңі, етегі түрлі-түсті жіппен көмкерілген. Әжейдің айтуынша, ол адамды тіл-көзден сақтайды.
Болар әжей Түрікменстанда туған. Өткен ғасырдың сексен жетінші жылы жақындарымен бірге атамекенге қоныс аударды. Анасы тігіншілік өнерге бала кезінен баулыған. Қазір бөлмесі шағын шеберханаға айналды. Ұлттық өнерді келін-немерелеріне үйретуден жалыққан емес. Ою-өрнекпен көмкерілген тоқыма бұйымдарға өзге өңірлерден тапсырыс алады.
Болар Өтебайқызы, ісмер:
- Сол өнерімді енді 5 келінім де біледі десем болады. Менің істегендерім олардың үйінде де бар. Қолымдағы келініме өзім бәрін үйретіп жатырмын. Немере қызым да солай. Бұл екеуі де жас қой енді, менен де өткізіп, шебер болады деп ойлаймын. Менің тәрбиемді, үлгімді алады деп ойлаймын. Тікпейтін затым жоқ, тігін таңдамаймын.
Ісмер әжей сегіз құрсақ көтеріп, 5 ұл мен 3 қызды тәрбиелеп өсірді. Перзентінің ең үлкені мен ең кішісі өзімен бірге тұрады. Енесінің жолын қуған келіндері түйе мен қой жүнінен сырып ішік, жадағай тоқуға төселіп алған. Одан бөлек, қыз жасауы мен жас жұбайлар шымылдығына сұраныс жоғары.
Несіпхан Бағлашова, келіні:
- Мен – осы үлкен әулеттің ең кенже келінімін. Енем ақ кимешекпен күлімдеп қарсы алып, мен ең кіші келін қылып еркелетіп, тәрбиелеп бастады. 4 жылдың ішінде енем бәрін үйретті. Қазақы дәстүрлікті. Оюын ойып берем, енем зигзагтап тігеді. Сосын өзім тіге бастадым. 13 жасынан бастап қызыма тігін үйрете бастадым. Қызым сол өнерге қызығып, қазір дизайнер мамандығына түсті.
Өнегелі шаңырақтан қонақ үзілмейді. Болар әжей халық емшісі, сынықшы ретінде де танымал. Басы ауырып, балтыры сыздағандар келіп, дертіне шипа табады. Қала берді, төрт түлік ауруларын дөп басып айтатын қасиетіне халық риза. Қазыналы қарияның ақ батасын алу үшін алыстан арнайы келетін адам қарасы қалың.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.