Қазақ хандарының шежіресі табылды. Эксклюзив

Ақ Орда мен Көк Орданы кімдер биледі? Бұрынғы қазақ хандары қандай болған? Не өсиет қалдырды? «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» қызметкерлері хандардың тарихы топтастырылған көне кітап тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Мұны татар тарихшысы Шахабуддин Марджани жазған. Ескінің көзі, бұл қолжазбаны сақтап келген түркістандық Нұржан Болғанбай есімді азамат.

Маман қолындағы мына кітап «Қисмоалай Мустафат Акбар Ахуал Булгар татар» деп аталады. Шамамен 1883 жылдары жазылған кітапта қазақ хандарының тағдыры, жүрген жолы, ұстанған ұстанымы, басқа елдермен қарым қатынасы баяндалған. Бір сөзбен айтқанда, Ақорда мен Көкорданың тарихы тәпсірленген. 

Гүлсім Бисенова, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Татар тарихшысы Шахабуддин Марджанидің «Әл Мұстафа» еңбегі. Бұл еңбегі Қазақстанның тарихына қатысты. Оның ішінде қазақ хандарының шежіресіне байланысты өте құнды деректер берілген.

Алмат Әбсалықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы:

- Ақ Орда деген мемлекетті білесіз. Алтын Орда екіге бөлінген. Ақ Орда, Көк Орда деп. Ақ Орда Қазақ хандығының негізі болатын. Хандардың қай кезеңде өмір сүргені туралы хронологиясын жазады. Кімдермен саясат жүргізді, дипломатиялық қарым-қатынасы қалай болғаны туралы қысқаша мағлұматтар бар.

Елден жиналған құнды қағаздар ішінде Қожа Ахмет Яссауидің 1904 жылы басылған жырларының нұсқалары да кездеседі. Көрмені ұйымдастырушылар: «жас ұрпақты рухтандыру мақсатында бұл көне кітаптардың алатын орны ерекше», – дейді. 

Гүлсім Бисенова, тарих ғылымдарының кандидаты:

- 150-ге жуық қолжазбалар мен сирек кітаптарды біздің ұлттық орталық қорына қостық. Бұл кітаптар қайдан, қалай келді дейтін болсақ, әрбір облыстағы ғылыми мекемелерден, мешіттерден, музейлерден және жеке тұлғалардың қолында сақталған жазба деректер болып табылады. Әрбір қолжазба – біздің өткен тарихымыз, мұрамыз.

Сирек кітаптар орталығында бір-біріне ұқсамайтын 150-ге жуық көне жазба деректер топтастырылған. Бұл жазбалар түркі және араб тілінде жазылған.  Ал хандардың тарихынан хабар берер қолжазба түркістандық молда Болғанбай Байсейітұлынан балаларына аманат болып қалған. 

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Мерей Талап.