Тазыға алпауыт елдерден сұраныс бар
Тазы жүгіртіп, құс салу – бабадан балаға жеткен ұлы өнер.
Есте жоқ ескі заманнан бері саятшылық құрған қазақтың сенімді серігі тазының қадірі артып, қатары көбейіп келеді. Иә, асыл өнеріміз бүгінгі күні ұлықталып, тазыны әлем тани бастады. Құмай тазыны қазір өзге елдің президенттерінің ауласынан да көруге болады.
Қазақ тазыны жарғақ және шашақ құлақ деп екіге бөлген. Бүгінде шашаққұлақтыларды көбейтіп, астына тонын төсеп, төріне шығарып жүрген саятшының бірі – Абзал Досыман. Итбегі қазақтың жеті қазынасын әлемге танытып келеді. Оның 4 қар басқан Нейзи атты тазысы елордадағы көрмеде Франция мен Түркия президентін тәнті еткен. Эмманюэль Макрон тіптен таңдай қаққан деседі.
Абзал Досыман, «Nomad» ұлттық аңшылық клубының жетекшісі:
- Бұл Нейзидің басынан Франция мемлекетенің басшысы Макрон сипаған. Қазір енді Макронда да қазақтың екі тазысы бар, Мемлекет басшысы сыйлаған. Екі тазы Жанна мен Жюльдің Нейзимен линиялары бір. Олар да жарғаққұлақты, түстері де бір. Нейзидің, біріншіден, психикасы түзу, жаман қылықтары жоқ. Тостағанды алдына қойып, тамақ берген кезде тостағанға асықпай келеді. Бұл тазының тектілігін білдіреді.
Иә, бәрімізге белгілі Мемлекет басшысының 3 бірдей тазысы бар. Кішісі Наурыз 1-ден асса, үлкені Нэнси 5 қар басқан. Ал үшінші тазы Ронни атты тазысы 4 жаста. Дәл осы Ронниді ел Президентіне итбегі Абзал Досыман сыйға тартқан. Қазір бұл жерде Абзалдың 10-ға тарта тазысы бар. Оларды күзге салым Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін көремеге дайындап жатыр.
Абзал Досыман, «Nomad» ұлттық аңшылық клубының жетекшісі:
- Тазы баптау кәсіби деңгейді талап етеді. Ол әрдайым далада болуы керек. Аңшылықта болу керек. Тазы баптау да оңай емес. Тамағы, дәрі-дәрмегі бар. Тіпті мынау халықаралық көрмелерге дайындау үшін бапкерлер жалдаймыз. Тазылар өздерін көрмеде жақсы ұстауы, толығымен ашылу үшін тренерлер жалға аламыз.
Иә, Абзалдың тазылары көрмелерде көпшілікті таза әрі сымбатымен таңғалдырып келеді. Алайда итбегі сұлулыққа емес, жылдамдыққа назар аудару керектігін айтады. «Тазылар бүгін президенттерді көркімен сүйсінтсе, ертең далаға шыққанда бәсекеге сай, жүйрік болу керек», – дейді. Олардың бұл дайындығымен арнайы ит баптаушылар айналысады.
Геннадий Михнов, итбегі:
- Жалпы тазылардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 6 жыл. Кейде 7-8 жылға дейін өмір сүрген тазылар болды. Тазы баптаудың ерекшеліктері мен өзіндік ережелері бар. Тазының күшігіне тамақты туған кейін екі аптадан соң енесінің сүтіне араластырып, илеп бере бастаймыз. Араластырып, сұлының ботқасын береміз. Базарда сататын ет сүйектерін алып, суға қайнатып, тұз қосылған сорпасын ішкіземіз. Иттің бойындағы құрт, паразиттерді түсіру үшін бір айға жақындағанда арнайы дәрі, екпе салдырамыз. Күшіктерге шикі ет бермейміз. Етті саусақтың ұшындай етіп беріп, кейін мөлшерін үлкейте береміз.
Соңғы жылдары тазы тұқымы көбейіп келеді. Оған елде өтетін шырға тарту жарыстары, сәндікке арналған көрмелер себеп. Тазы жаңашыры Абзал Досыман қазақ тазысын әлемдік деңгейде жер жаһанға барынша танытқысы келеді. Осы жолда еңбектеніп те жүр. Құмайға қазірдің өзінде АҚШ, Канада, Түркия сияқты алпауыт елдерден сұраныс бар.
Авторлары: Әлішер Әли, Ырыстанбек Оспанов.