160 оқушы «Ақ шағала» республикалық фестивалінде бақ сынады

Алматыда мың бұралған бишілер «Ақ шағала» республикалық хореографиялық фестиваль-байқауында бақ сынады, деп хабарлайды 24kz.

Оқушылар сарайында өткен өнер жарысына еліміздің барлық өңірлерінен жас бишілер қатысты. Фестиваль 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқауға қатысуға тілек білдіргендердің қатары көп. Аймақтық іріктеулерде 70 мыңнан астам бала бақ сынапты. Би қою оңай жұмыс емес. Сондықтан республикалық жарысқа үздік деген 160 бала, яғни, 20 команда өткен.

Ажар Әсембек, биші:

- Бүгін біз қазақша биден «Дайдидау» атты биді биледік. Ал заманауи түрдегі биіміз «Стимнение чувств» деп аталады. Биге 8 жылдан бері қатысамын.

Би – бекзада өнердің бірі. Биші өзінің айтпағын қимыл-қозғалыс арқылы жеткізеді. «Бәсеке мықты», - дейді қатысушылар. Өйткені соңғы жылдары хореография үйірмелеріне келуші ұл-қыздардың саны көбейген.

Ақтоты Абатқызы, «Үлгілі шаттық» би тобының жетекшісі (Ақтөбе қаласы):

- Бидің пайдасы өте мықты. Себебі, мысалға айта кетсем, баланың жан-жағынан, тек қана дене бітімін емес және де психологиялық тұрғыда баланың мінез-құлқын да өзгерте алады. Яғни, баланың жауапкершілігі артады және де өмірге деген мақсаттарға жету, спортсмендер сияқты, алға мақсат қоя біледі.

Феситвальдің мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Қазақ және әлемдік өнердің тарихымен таныстыру.

Раиса Шер, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры:

- Балалардың барлығы фестивальге тыңғылықты дайындалып келген. Шетінен өнерлі. Олардың ұстаздары мен жетекшілеріне алғыс айтамыз. Оқушылардың шығармашылығын дамытуға көп көңіл бөлеміз. Мәдени құндылықтарды насихаттау бойынша жүйелі және мақсатты жұмыс жүргізіледі.

Қазылардың қатарында опера және балет театрының қызметкерлері болды. Пластикасы мықты, киімі әдемі, сахнада керемет үйлесімділік көрсеткен хореографиялық топтар үздік деп танылды.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов