Шымкентте термешілердің байқауы басталды
Шымкентте дәстүрлі «Шалқар термесі» байқауы басталды.
Осымен үшінші рет ұйымдастырылған өнер додасына биыл 12 облыс, Алматы, Астана және Шымкент қаласынан 21 өнерпаз қатысып жатыр. Қоғам қайраткері, ақын-жазушы Шалқар Әбішұлының 80 жылдығына орай өткізіліп жатқан байқау екі кезеңнен тұрады. Термешілер алдымен Шалқар Әбішұлының шығармаларын шырқаса, екінші кезеңде әр өңірдің өзіне тән терме-толғауын орындады. Өнер сайысына жыршы Елмұра Жаңабергенова, әнші-композитор Қанат Айтбаев, айтыскер ақын Бекарыс Шойбек қазылық етеді. Бас жүлдеге темір тұлпар тігіліп отыр. Мәдени іс-шара аясында Астана қаласы әкімдігінің "Музыкалық жас көрермендер театры" жазушы, драматург Дулат Исабековтің "Гауһартас" спектаклін сахналайды.
Асхат Маемиров, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, байқауды ұйымдастырушы:
- Осы термені насихаттау деген сөз, ол қазақтың ұлттық рухани құндылықтарын дәріптеу деген сөз. Сондықтан меніңше шараның әсіресе жас ұрпаққа, олардың тәрбиесі, олардың танымдық-эстетикалық әлеміне, ұлттық өнерді сүюіне, олардың бойында ұлттық рухтың биіктеуіне үлкен үлес қосады.